"Тоқаев 100 мың доллар береді": Алаяқтар президент пен премьер-министрдің атын жамылып, жарнама таратып жүр
Қазақстанда әлеуметтік желіде елдің басты тұлғалары президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Мамин бейнеленген жарнама таралуда. Мұнда алаяқтар ел тұрғындарының қаржылық жағдайын жақсартуға уәде етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандықтарға цифрлық платформада жұмыс істеу арқылы 4 ай ішінде бүкіл қарызынан құтылып, байыған жалғыз басты ананың оқиғасын мысал қылып көрсеткен. Әйел жобаны мемлекеттің іске қосқанын, ол туралы “Nur Otan” партиясы депутатының сұхбатынан білгенін мәлімдейді. Ең қызығы, мақала жарияланған беттің дизайны inbusiness.kz. іскерлік басылымының стилінде жасалған.
Материалдың соңында пайдаланушыларға "мемлекеттік цифрлық платформаға" тіркеліп, "мемлекет алтыны арқылы ақша тауып бастауды” қолға алуды ұсынады.
"Қазақстан Республикасының Парламенті бағдарламаны дамытуға және жобаны қолдауға қосқан үлесі үшін алғыс ретінде азаматтарға алтынға инвестиция салуға және қосымша табыс алуға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады.
Ол үшін" Бәйтерек Инвест" платформасы әзірленді. Жоба азаматтарға инвестор болуға және мемлекетке пайда әкеле отырып, ақша табуға мүмкіндік береді", – делінген бағдарлама сипаттамасында.
Алаяқтар тіпті премьер-министр Асқар Маминнің суретін пайдаланып, оны 500 доллардан табуға уәде берген дәйексөзімен бірге қойып қойған.
Алайда "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
“Соңғы уақытта "Бәйтерек" холдингі атынан логотип пен басқа да белгі-нышандарды пайдалана отырып, жалған ақпарат жариялау оқиғалары жиілеп кетті. Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Холдинг олардың авторы емес. Жалған посттарда сілтеме жасалған "Мемлекеттік цифрлық платформаға" және "Бәйтерек Инвест платформасына" "Бәйтерек" холдингінің ешқандай қатысы жоқ”, – делінген ұйым хабарламасында.
“Бәйтерек” Ұлттық холдингі барлық шынайы нақты ақпарат ұйымның ресми парақшаларында жарияланатынын хабарлайды.
“Сақ болып, алаяқтарға арандап қалмаңыздар! Сіздерді алаяқтармен күресу үшін көмектесуге шақырамыз және әлеуметтік желі басшылығына осы посттарға шағым жолдауды сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, Stan.kz Ұлттық банкке осы мәселелерге байланысты ресми сауал жолдаған болатын. Бірақ ведомстводан жауап ала алмады.