Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш рет оқ атылған үйді сақтап отыр": Қалдыбек Құрманәлі Заманбек Нұрқаділовтің үйін мұражайға айналдыруды ұсынды

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі замандасы, әріптесі Мақпал Жүнісованың үйінің сатылуына байланысты өз ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ашық дереккөз

Мәдениет қайраткері “Ашық подкаст” youtube-арнасында қонақ болып, марқұм саятсаткердің тірісінде қандай адам болғанын айтты. 

“Халықтың сүйіктісіне айналған марқұм Заманбек Нұрқаділовпен араласқан адаммын. Жақсылығын көрдік, араластық, іні болдық, қамқорлығын көрдік. Мақпалға үйленгеннен кейін де, достығымыз үзілген жоқ. Ол кісі менің шығармашылығымды қолдады. Мақпал бірнеше әнімді орындап жүр. Әлі күнге дейін сыйластығымыз бар. Халық үшін Мақпал тұзы жеңіл секілді көрінеді. Бірақ ол – тағдырлы әнші. Мақпал мен Заманбектің қосылуы кезінде де бір дүрбелең болған. Зәкеңнің қайтыс болғанына – 20 жыл. Өзіңіз ойлаңызшы, Мақпалдың орнында басқа әйел болса, Зәкеңнің үйін қажет деп санамай сатар еді. Мақпалға біз рахмет айтуымыз керек. Қара шаңырақ етіп, ұстап отыр", – деді ол.



Сондай-ақ сазгер саясаткердің үйін мемлекет өзінің қамқорлығына алуы керек деп есептейді. 

"Өз үйінде өзін “үш рет атқан” марқұмның тағдыры қиын болды. Мақпалға да оңай емес. Үш рет оқ атылған үйді мұражай секілді алып қалды. Мұны Мақпалдың Зәкеңе деген адалдығы деп білемін. Екі үйді қатар ұстап отырды. Сондықтан да мен қай кезде де Мақпалдың жағындамын және оны қолдаймын. Негізі ол үйді мемлекет өзіне алуы керек. Болашақта мемлекет сол үйді мұражайға айналдырып, сол көшені Зәкеңнің атымен атаса, тіпті керемет болар еді. Мақпалдың мықтылығы, Зәкеңнің құжаттары, бұйымдары, киімдері – бәрін сақтаған. Дайын мұражай деп айтар едім. Сол үшін мемлекет мұражайды сатып алу керек", – деді ол.

Айта кетейік, Мақпал төртқабатты үйдің коммуналдық шығынын төлеу үшін тойға шығатынын айтқан еді. 

Талқылау