"Ауқымды дүниелер жасағысы келетін": Бағдат Мусин Түркиядағы зілзалада қаза тапқан қазақстандық туралы естелігімен бөлісті
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқан қазақстандық Мирболат (Мирус) Құрмашев туралы жазба жариялады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министр Мирболатпен бір топта оқығанын айтып, оның алғырлығын есіне алды.
“Ол әрқашан шығармашылықпен айналысатын. Ауқымды дүниелер жасағысы келетін. Адамдарды өзіне тартып, мықты команда құра білетін. Дінге берік адам еді. Мағжан Astana HUB-ті алғаш аша бастағанда Мирус жалақысыз, келісім-шартсыз жұмыс істеп, көп көмектесті. Ол Қазақстандағы IT саласының дамуына үлкен үлес қосты", - деді министр Instagram парақшасында.
Мусиннің сөзінше, Құрмашев Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Алайда кейінірек ол өзін шетелде сынап көруге шешім қабылдаған. Сонымен қатар саяхаттауды ұнатқан досының екі жылын Түркияда өткізгенін атап өтті.
"Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапары алдында IT мамандары Түркияда жиналған еді. Сол кезде біз Қазақстанның IT мамандарының Ыстамбұлдағы бірнеше керемет компанияларға сапарын ұйымдастырдық. Мирус негізгі бастамашылардың бірі және осы идеяны жүзеге асырушылардің бірі болды. Біз оған Astana HUB-тың параллель өкілі болуын өтіндік. Өйткені біз үшін ұпай тауып, елдеріміздің IT-хабтарын біріктіретін тұлғаның болуы маңызды еді. Иманды болсын! Жаның жәннәттан орын алсын бауырым!”,- деп жазды Бағдат Мусин.
Осы тұста Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева да Түркиядағы жер сілкінісінің құрбаны болған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
“Кеше жігіттер құтқарылып қалар деген үміт әлі болған еді. Өкінішті... Мирусты бұрыннан танитынмын. Ол көпшілігіміз не екенін түсінбеген сандық технологиялармен айналысты. Соңғы рет 2020 жылы Ақпарат және әлеуметтік даму министрі болып тұрған кезімізде кездестік. Мен Мирустың бірнеше сәтті стартап-жобалары бар екенін білемін. Ол IT-қауымдастықта танымал және өте құрметке ие болды. Әлемге өз білімі мен жобаларын бере алатын талантты, сұранысқа ие жігіттердің өмірден ерте кетуі өте өкінішті. Иманды болсын", - деді Балаева.