УЕФА Чемпиондар лигасында ширек финалға жолдама алған төрт команда белгілі болды
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық ойындарының жауапты кездесулері өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: UEFA
Плей-оффтың жауапты кездесулерінде 4 ойын өткізілді. Алғашқы мачта испаниялық “Барселона” өз алаңында португалиялық “Бенфиканы” қабылдады. Бірінші матчта каталондық команда 10 ойыншымен жеңіске жеткен еді.
Жауапты ойында алаң иелері лиссабондықтарға еш мүмкіндік бермеді. Бірінші таймда 4 гол соғылды. Оның үшеуін испаниялық команда соқты. Қорытынды есеп 3:1, екі ойын қорытындысы бойынша 4:1 есебімен “Барселона” футбол клубы ширек финалдың алғашқы жолдамасына иелік етті.
1/8 финалдық жеребеде германиялық қос мықтының жолдары түйіскен еді. Плей-офф ойындарына тікелей жолдама алған Леверкузендік “Байер” алғашқы ойында мюнхендік “Бавариядан” 3:0 есебімен жеңіліп қалған еді. Жауапты кездесуде өз стадионы “Бай-Аренада” өткізген фармацевттер тағы да ұтылды. Харри Кейн мен Альфонсо Дэвис “Байер” қақпасына бір-бір голдан соқты. Жалпы есеп 5:0, “Бавария” жарысты әрі қарай жалғастырады.
Италияның Милан қаласында жергілікті “Интернационале” өз алаңында Роттердамның “Фейеноорд” клубын қабылдады. Дәл осы “Сан-Сиро” стадионында осыдан бірнеше апта бұрын голландиялықтар іріктеу кезеңінде “Милан” клубын жеңген еді. Бұл жолы “Интер” нидерландықтарды оңай жеңді. Қос команда бір-бір пенальтиден гол соқса, тағы бір голды алаң иелері сапынан Маркус Тюрам соқты. Осылайша жауапты кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Екі ойында да жеңіске жеткен “Интер” ширек финалдың үшінші жолдамасын иеленді.
Плей-оффтың орталық кездесуі француздық “Пари Сен-Жермен” мен ағылшындық “Ливерпуль” жұбы еді. Топтық кезеңде бірінші орын алған Англия клубы Парижде өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Жауапты кездесуді өз алаңында өткізген “Ливерпуль” ойынның 12 минутында қақпасына гол жіберіп алды. Усман Дембеленің арқасында есепті теңестірген “ПСЖ” негізгі уақытта жеңіл голын соға алмады.
90 минутта жеңімпазды анықтай алмаған командалар экстра-тайм өткізді. Алайда қос клубта қорғаныста өте сақ ойнады. Сондықтан кездесу тағдыры матч соңындағы пенальтиде шешілді. Лотереялар сериясында француздық команданың қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма екі бірдей допты қайтарды. Өз кезегінде париждік ойыншылар 11 метрлік айып соққысын сәтті орындады. Нәтижесінде “ПСЖ” пенальтилер сериясында жеңіске жетті. Екі ойын бойынша “Пари Сен-Жермен” ағылшындық “Ливерпульді” қапыда қалдырып, ширек финалға жолдама алды.
Осылайша 1/4 финалда “Барселона”, “Интер”, “Бавария” және “ПСЖ” командалары өнер көрсетеді. Бүгін түнде 1/8 финалдың тағы төрт ойыны өтеді.