"Уахабизм мен жат ағымдарды қолдайтын мемлекеттік қызметкерлер бар": Ермұрат Бәпи президентке депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи мемлекет басшысы, премьер-министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына елдегі дәстүрлі діндердің дамуына қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат өз сұрауының басын Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ трибунасында Құранға араша түскенінен, мұның өзі ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың белгісі екенін жеткізді. Алайда Қазақстанда ислам дінінің атын жамылған жат ағымдардың көбейіп жатқанын айтты.
"Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады.
Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па даган де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда", – деді депутат.
Сондай-ақ Ермұрат Бәпи жат ағымның өкілдері елдің қай аймақтарында көп орналасқанын және мемлекеттік биліктің өз ішінде оларды қолдайтындарын барын жеткізді.
"Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені. Ел Конституциясының талабы бойынша, мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек!" – деді Ермұрат Бәпи.