"Тұмауға ұқсас вирусқа түрленуі мүмкін": Қытай ғалымдары коронавирус белгілерінің өзгеретінін анықтады
Қытай ғалымдары жаңа коронавирус індетінің басындағы және қазіргі кездегі клиникалық жұқтырудың симптомдарындағы өзгерістерді байқады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Social Science Research Network (SSRN) порталында мәлімдеді.
Уханьдағы 89 науқасты бақылау деректеріне сәйкес, кейінірек ауырған адамдарда ауру соншалықты айқын көрінбейтіні белгілі болды.
Бақылау барысында науқастар екі топқа бөлінді. Алғашқысына 16-22 қаңтар аралығында коронавирусты жұқтырған 31 адам түсті. Екінші топқа 23-29 қаңтар аралығында ауруханаға жатқызылған 58 науқас кірді.
Бірінші топтың көпшілігінде жоғары температура, әлсіздік, бұлшық еттердің ауыруы, қақырықтың бөлінуі және лимфоциттердің төмен деңгейі сияқты симптомдар тіркелген. Екінші топта бұл белгілердің барлығы аз байқалды немесе мүлдем болмады.
Бұл ретте жөтел, жүрек айнуы, диарея және кеуденің ауырлығы барлық емделушілерде тіркелді.
"Осы зерттеуден алынған бақылаулар жақында жұқтырған науқастардың алғашқы белгілері неғұрлым жасырын екенін, сондай - ақ коронавирустың жаңа түрі тұмауға ұқсас вирусқа біртіндеп түрленуі мүмкін деп болжауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ғалымдар.
Олар бұл вирус ағзада өте ұзақ уақыт бойы өзін көрсетпейтінін айтты. Сонымен қатар, вирус мутацияланады және оның әртүрлі формалары бірнеше жолдармен көрінеді.
Наурыз айының басында ҚХР ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 72 314 жұқтыру оқиғасына шолу жариялады. Балалар мен жасөспірімдердің ауруға шалдығу ықтималдығы аз екені белгілі болды. 0-ден 19 жасқа дейінгі санатқа жұқтырғандардың жалпы санының 1 пайызы ғана келеді.
COVID-19 ауру тудыратын SARS-CoV-2 вирусы желтоқсан айының соңында Қытайда тарала бастады. 6 наурызға қарай бүкіл әлемде 100 мыңнан астам адам жұқтырып, 3,5 мың адам көз жұмды.