Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев осыншама байлықты қайдан алған – Бұрынғы әйелі Назым Қаһарман жауап берді

Түрмеде отырған Бишімбаев экс-жарымен алимент үшін соттасып жүрФото: Видеодан скриншот, Жоғарғы сот

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі, блогер Назым Қаһарман Airan Aqpan-ға берген сұхбатында абақтыда отырған экс-күйеуінің осынша байлығы қайдан шыққанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Назым Қаһарман Бишімбаевпен ерлі-зайыпты кезінде қаржылық қиындықтар мүлде болмағанын, жақсы тұрғанын жасырмады. Алайда ол квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаратын адамның жалақысы аз болмайтынын алға тартты.

“Ол квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқарды, бұл салада ұзақ жыл еңбек етті. Өз уақытында төраға орынбасары болды. Әрине, оның жалақысы жоғары еді, сыйақылары да болды. Меніңше, мұндай деңгейдегі менеджерлердің жақсы табыс табуы – қалыпты жағдай. Бұдан ешқандай оғаштық көріп тұрған жоқпын”, – деді ол.


"Әшекей бұйымдарым, ақша жиі ұрланатын": Назым Қаһарман Бишімбаевтар отбасына қатысты шындықтың бетін ашты

"Опасыздық жасады": Назым Қаһарман экс-күйеуі Қуандық Бишімбаевпен өмірі туралы ашып айтты

Айта кетейік, Назым Қаһарман бұрынғы күйеуімен әлі де соттасып жүр. Бишімбаевтың бұрынғы жарының сөзінше, экс-министр кәмелетке толмаған балаларымен кездесуге, олардың бос уақытын шешуге құқылы екенін қорғап отыр, сонымен қатар алимент мөлшерін азайтқысы келеді.

Ол әңгіме барысында Бишімбаевтың жақын адамын, отбасы мүшесін өлтіргені үшін сотталғанын еске салды. Оның айтуынша, заң бойынша мұндай адамдар ата‑ана құқығынан айырылуы керек, яғни олар балалардың тағдырын шешуге құқығы жоқ.

“Балалар онымен сөйлескісі келмеді. Алайда адамда ата-ана құқығы болған кезде ол бала өміріне ықпал ете алады. Сондықтан мен сотқа жүгіндім, бірақ өкінішке қарай, істі жеңе алмадым. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот Қуандықтың некесі ресми тіркелмегенін алға тартты. Негізгі сот үкімінде оның өз әйелін өлтіргені көрсетілген. Соған қарамастан, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот оның құқықтарын қорғап, бұл жағдайды бөтен адамды өлтіргендей қарастырды. Нәтижесінде оған әке ретінде балалардың өміріне араласуға құқығы бар деп шешім шығарылды”, – деді ол.

Ол апелляциялық және Жоғарғы сотта да жеңіліп, барлық инстанциядан өткен. Ал Бишімбаев жұмыссыздығы мен қаражаты жетіспейтінін сылтау етіп алимент мөлшерін азайту мақсатында экс-жарына қатысты үш талап арыз түсірген көрінеді. Дегенмен Назым Қаһарманның адвокаттары оның 15 жыл бойы алименттік міндеттемелерін орындауға толық мүмкіндігі бар екенін дәлелдей алған.

“Ол төрт рет қорғаншылық органдарына шағымданды, мені жаман әдеттері бар ата-ана ретінде көрсетуге тырысты, ал менде алкоголь немесе есірткі проблемалары жоқ. Қорғаншылық органдары бізді балалармен бірге шақыруға мәжбүр болды”, – дейді ол.

Блогердің сөзінше, экс-министр балаларының кез келген уақытта шетелге шығуын шектеуге тырысып, әрбір сапар үшін өзінен рұқсат алуын талап еткен.

“Ал бұл бақылау және манипуляцияға айналды. Балалар әкесімен сөйлескісі келмесе де, Қуандық балаларымен араласу уақытын белгілеу үшін тағы бір талап арыз бастады. Сот психологиялық сараптама тағайындады, мен балаларға қысым жасап отырмын ба деген деректі тексерді”, – дейді ол.

Нәтижесінде, кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот оның қылмыс жасағанына қарамастан, ата‑ана құқықтарынан айырмаған.

“Ол қазір алиментті толық төлемейді, тек бір тармақ бойынша төлейді, егер ол мүлде төлесесе ата‑ана құқығынан айыруға негіз болар еді. Біздің келісім бойынша ол балалардың денсаулығы, мектеп және дайындығы – бәрін қамтамасыз етуі керек, бірақ ол тек қызына қатысты шығындарды төлейді, ұлдардың мектебіне немесе дайындығына төлемейді”, – деді Назым.

Еске салайық, бұған дейін Бишімбаев алиментті аз төлеу үшін мүлкін үлкен ұлының атына жаздырғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 16:05