Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты туризм саласында қандай өзгерістер болып жатыр

Түркияға саяхаттауды жоспарлаған отандастарымыз билеттерінің ақшасын қайтара алады. Алайда "Туристик қамқор" қоры мұндай өтініш түспегенін айтты. Қазір Түркияда 250-ден астам адам демалып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

турист

Туристер уақытынан бұрын Қазақстанға қайтуға ниет білдірмеген. Тіпті алдағы уақытта да Түркияда демалыс жоспарлағандар да жолдамаларын қайта өткізбеген. Турфирмаларда Түркияның танымал курорттарына сұраныс сол қалпы көрінеді. 

Алайда Түркиядағы табиғи апат қазақ саяхатшыларына да әсер етпей қоймады. Камила Зайырова бір апта бұрын Алматыдан Анталияға демалысқа ұшқан. Ол жер сілкінісі Анталияда сезілмегенімен, қаладағы жағдайдың өзгергенін айтады. Қоғамдық орындар босап, көшелерде туристердің орнына полициялар жүретін болған дейді ол. 

“Біз ескі қаланың жанындағы алаңда болдық. Бұл танымал туристік орын. Оқиғадан кейін байқағаным, жергілікті тұрғындар мен туристердің көбі қалаға шықпаған. Жолда полиция көп, қалада тікұшақтар да толып жүр. Сондай-ай Түркияның “Қызыл ай” ұйымында қан тапсыруға кезек өте көп”, – дейді Камила Зайырова.

Туристік агенттіктер ақпан айы Түркияда демалыс маусымы емес екенін алға тартты. Сондықтан қазір ол жақта туристер аз. Олардың көпшілігі Стамбул мен Анталияда. Яғни, зардап шеккен қалалардан алыс. Ал, Түркияда демалғысы келетін қазақстандықтар әзірге жоспарларын өзгертпей, жазғы турларға тапсырыс беруді жалғастыруда.

“Жерорта теңізі, Эгей жағалауындағы курорттық қалаларды ерте брондаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Түркияда болып жатқан оқиғалар туристік аймақтардан алыс. Біз бұрынғы режимде жұмысты жалғастырамыз”, – дейді туркомпания директоры Светлана Джапаркулова.

Бірақ кейбір туристік агенттіктер турларын сатуды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені олар сәуір айында Түркияның тарихи жерлеріне алты күндік экскурсиялық турлар ұйымдастырған болатын.

Тур ішіне Стамбул, Урфа және Мардин қалалары кіретін еді. Төрт клиент алдын ала төлем жасап үлгерген. Қазір авиакомпания өкілдері бар турагенттер сапарды кейінге қалдыру немесе бағытты өзгерту нұсқаларын қарастыруда.

“Үш күн Ыстамбұлда, тағы үш күн Урфа мен Мардинде болуы керек еді. Сол жерде серіктестермен келісіп, бағдарлама жасап, жарнама жасадық. Бірақ жер сілкінісінен кейін біз турларды сатуды тоқтаттық, өйткені қазір ол жаққа бару қауіпті”, – дейді туристік компания басшысы Дана Теңгебаева.

"Туристик қамкор" қорының мәліметінше, қазір Түркияда 254 қазақстандық турист бар. Олардан өтініш түскен жоқ. Сапардан бас тартуға немесе оның кестесін өзгертуге шешім қабылдағандарға тур құнын қайтаруға уәде беріледі.

“Процедура келесідей: турист турды сатып алған туристік агенттікке өтінішпен хабарласып, нақты не істегісі келетінін айтады. Компания не қаражатты қайтарады, не бағытын өзгертеді”, – дейді  "Туристик қамкор" қорының директоры Асылхан Есілов.

Сондай-ақ "Эйр Астана" ұлттық әуе тасымалдаушысы Қазақстаннан Стамбулға немесе Анталияға және керісінше билеттерді сатып алған жолаушыларға билетті қайтаруға немесе басқа күндерге қайта брондау мүмкіндігін береді.

Талқылау