Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда 5 жасар қызды азаптап өлтірген Гайибназаровты бақыламаған пробация қызметкері сотталды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында азаппен ажал құшқан 5 жасар Еркежан Нұрмаханның өлімінен кейін пробация қызметкері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Тұрарбек Тілханов Шымкент және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аудандық пробация бөлімінің маманы болып қызмет атқарған. Оны аудандық прокуратура “жұмысына салғырт қарау” бабымен жауапқа тартты. 39 жастағы маман 5 жасар Еркежан Нұрмаханды өлтірген Сайдолим Гайибназаровты бақыламады деп айыпталды. 

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы сотта бүгін соттың ақтық отырысы өтіп, айыпталушы соңғы сөзін сөйледі. 

“Мен өзімді кінәлімін деп санамаймын. Оның үстіне жәбірленуші тарап маған қарсы арыз да жазған жоқ. Осы іс басталғалы ұйқыдан айырылдым. Отбасым мен ата-анамның да мазасы қашты. Әкем бірнеше рет ауруханаға түсіп қалды. Мені ақтап шығаруларыңызды сұраймын”, – дейді айыпталушы Тұрарбек Тілтаханов. 

Фото: Stan.kz

Алайда сот пробацияның экс-қызметкерін ақтаған жоқ. Қылмыскердің антисанитариялық жағдайда өмір сүруіне жол беріп, әлеуметтік бейімдеуіне көмектеспеді деп айыпталған қызметкер 2 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкіммен келіспейміз деген Тұрарбек Тілтаханов енді апелляцияға береміз деп отыр. 

“Мен саяси құрбан болып тұрмын. Бұл жерде менің еш кінәм жоқ еді. Мені неге соттап отырсыз? Тергеу барысында да, кейін де кінәм анықталмады ғой”, – деді Тұрарбек Тілтаханов. 

Ал марқұм Еркежан Нұрмаханның анасы Индира Ерімбетова Сайдолим Гайбназаровты түрмеге тоғытпай, бас бостандығынан шектеген сот төрағасының өзін соттау керек еді дейді. Содан бері аурухана жағалап жүрген Индира Ерімбетова қазір мекен-жайын өзгерткен.

“Бұрынғы үйде тұра алмайтын жағдайға жеттік. Қызымның денесі табылған жерден өткен сайын ауыр болды. Өмірім 100% өзгерді. Мен сол қылмыскерді түрмеге жаппай бостандыққа жіберген сот пен прокурор сотталсын деп бірнеше рет арыз жаздым. Бірақ бәрі бір-біріне сілтеп кетті. Енді пробация қызметкерін бас бостандығынан айырып, тынышталсын деген шығар. Бірақ біз бұнымен тоқтамаймыз. Шын кінәлілер сотталуы керек”, – деді марқұм Еркежан Нұрмаханның анасы.

Еске салайық, өткен шілдеде Сарыағашта 5 жасар қыз жоғалып, соңында мәйіті көрші үйдің шатырынан табылған еді. Оған зорлық белгілерін жасап, бірнеше рет пышақ сұққан көршісі ұсталды. Сайдолим Гайибназаров өмір бойына бас бостандығынан айырылып, қазір “Қара бүркіт” түрмесінде жазасын өтеп жатыр. 

Талқылау