Түзету орталығында терапевт ұрып-соққан: Сарыағаштық науқас баланың туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді
Түркістан облысында түзету орталығына барамын деп терапевтен таяқ жеген науқас баланың туыстары оқиғаның мән-жайын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
13 жастағы Еркебұлан Жақыбайдың анасы жұртты дүр сілкіндірген видеоның бір ай бұрын түсірілгенін айтады. Содан бері ұстазынан жәбір көрген жарымжан бала үйінен шықпай, түзету орталығына аттап басудан қалыпты. Аймақ бойынша жалғыз кешеннің ашылғанына қуанған Гүлжауһар Жорабекова соңында жәбір көріп шығатынымызды білмедік дейді.
"Камераны аш көрейін дедім. Қарасам баламды есіктен кіргеннен ұрған. Аяқтан сүйреген. Ағашты цирк ойнататын сияқты айналдырып келіп ұрған. Сол жерде қоя салса да болады ғой?! Баланы қуған ғой бұрышқа апарып тақап. Шыңғыртып
бетінен ұрған. Маған келіп “мен ештеңе істеген жоқпын” деп мойындамайды. Қатты күйзелдім. Балам барды да тамақ ішпей, “жүрегім ауырып жатыр” деп, жатып қалды” , – дейді Еркебұланның анасы Гүлжауһар Жорабекова.
Тумысынан ерекше диагноз қойылған балаға осы күнге дейін 4 рет ота жасылыпты. Оның екеуі жүрекке. Оқиғадан кейін жеткіншек тағы да ауруханаға түсіп, бүгінде емді үйінен қабылдап жүр. Онсыз да жарымжан баланы жәбірлеу оқиғасы осыдан бір ай бұрын болған екен. Мекеме басшысы болса науқасқа құқай көрсеткен терапевт жас маман болғанын айтады.
"Сарыағаш қаласында мамандар тапшылығына байланысты біз жас мамандарды алып өзіміз оқыттық. Оқыттық-тоқыттық, сертификаттарын алуына жәрдемдестік. Адам аласы ішінде демекші, бұндай болатынын күткен жоқпыз. Баламен ойнайтынбыз. Бала екеуінің арасында тығыз қарым-қатынас болған. Бала гиперактивті болғандықтан бір-бірімізбен ойнадық, күлдік, кей кезде бокс күйінде түрлі шара қолданатын едік. Сол шарам асыра сілтеу колданып жібердім деп түсіндірді", – дейді “Ақылды бала” түзету орталығының құрылтайшысы Бақдәурен Сәбитов.
Асыра сілтедім деп баланы куып жүріп, ұрған арт-терапевті мекеме жұмыстан босатумен шектелген. Еркебұланның анасы жазасыз қалған суретшінің заңды тұрғыда жауапқа тартылуын қалайды. Айта кетейік, “Ақылды бала” түзету мекемесі балаларға тегін қызмет көрсеткен.
Еске салсақ, бұған дейін Сарыағашта оқытушы Даун синдромы бар балаға күш қолданғаны туралы жазған едік.