Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысындағы ауыл тұрғындары әкімдіктің алдына мал айдап әкелді

Түркістан облысында малын жаятын жер таппаған жұрт төрт түлігін жергілікті әкімдіктің алдына айдап әкелді. Себебі, Қазығұрт ауданына қарасты Қарабау ауылдық округінің тұрғындарында мал жаятын басқа жер жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Қарабау округіне қарасты ауылдың жайылымы кезінде "тұқым өндіреміз" деген сылтаумен ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. Ауылдың маңы түгел жекешеленген соң, ол жерге тұяқ тигізуге тыйым салыныпты.

"Ал ол тұқым өндірумен емес, өз қалтасын қампайтумен айналысып кетті", - дейді тұрғындар.

Осылайша, малын үйде ұстап, болмаса тар көшеге жайып жүрген жұрт сиырын қайырып әкімдіктің алдына әкелді. Зәресі ұшқан шенеуніктер оны әкімдік алдынан ары айдап әлек болды. Елдің мұндай қадамға баруына жайылым жердің жоқтығы мәжбүрлеген. 

Ашулы жұрт "жерімізді қайтарыңдар" деп талап қойды.

"Талабымыз – жерді бөліп берсін. Жердің ішінде өзіміздің жайылым жеріміз бар ма, басқамыз бар ма, өз жеріміз ол. Қайтеміз, жайылымды қорғап сотталсақ сотталамыз. Бидайы, жоңышқасы бар ма, малымызды жаямыз, басқа амал жоқ", - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Нұржан Сманов.

Кооператив тұқым өсірумен емес, өз қалтасын қампайтумен әлек болғаны әмбеге аян, дейді жұрт. Яғни мыңдаған гектар бидай егетін жерге жоңышқа егіп, оны сатуды кәсіп қылыпты. Бұл туралы жерді алып қойған ауылшаруашылық министрлігі жақсы біледі екен. Тіпті былтыр ел ішінен үш кооператив бөлінсін, жерді соларға береміз деген уәде де беріпті. Бірақ вице-министрдің сөзі сол күйі қалды дейді.

"Үш кооперативке хат жазады. Олар жерді әлі бермейді. Кім кінәлі? Кінәлі – министр. Айдар Сапаров, ол вице-министр. Осынша халықты алдап, шулатып қоюға бола ма? Қарабау шаруашылығы кімді асырап жатыр? Халыққа бермейді, үкіметке өткізбейді. Сонда кімді асырап жатыр ол?!", - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Мұса Көмекбаев.

Ауылшаруашылығы министрлігіне бағынатын жекеменшік "Қарабау" кооперативінде 5 мың 745 гектар жері бар. Бұл алқап министрлікке тиесілі, дейді кооператив өкілдері. Сондықтан бір адым жерді жергілікті жұртқа беруге құзыреті жетпейді екен.

"Жерді мен беремін немесе бермеймін деп мен шешпеймін. Біз орындаушымыз. Бізге қалай тапсырма келеді, бер дейді, заң аясында береміз. Берме десе, бермейміз. Жердің егесі - Ұлттық аграрлық ғылым беру орталығы. Халыққа бірнәрсе бер деген ешқандай тапсырма жоқ. Шаруашылық өз-өзін қаржыландырып, жұмысты жүргізу", - деді "Қарабау" тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының директоры Дәурен Әбдірасылов.

Кооператив басшысы айтқан Ұлттық аграрлық ғылым беру орталығының өкілдері де жайылымға бере салатын жеріміз жоқ дейді. Ал ауыл сыртында мал жаятын жалғыз орын ол – қоқыс полигоны.

Сынтас, Жұмысшы, Құларық пен Қарабау ауылдарында мал жаятын бір соттық та жер жоқ. Есесіне ауыл іргесінде ресми алып қоқыс полигоны жатыр. Мал жаятын жер болмаған соң, тұрғындар қой мен ешкісін амалсыздан қоқыста жаюға мәжбүр. Ауылда тұрып малын тек қоқыс арасында өрістетін жұрт жер мәселесін қайта қарасын деп отыр. "Жайылымдық жерлерімізді тартып алды" деген олар енді ауылшаруашылық министрлігінің үстінен премьер-министр мен президентке шағым түсірмек.

Талқылау