Түркістан облысында жүк вагондары рельстен шығып кетті: Апат салдарынан кешіккен он пойыздың жолаушылары өтемақы алады
Түлкібас ауданында жүк пойызының 5 вагоны рельстен шығып, аударылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Оқиға куәгерлері түсірген видеодан жүк пойызының 5 вагоны аударылып жатқанын көруге болады.
“25 маусым күні сағат 19:20-да Түлкібас – Арыс учаскесінде Меңлібай – Көктерек учаскесінің күрделі қисық учаскесінде жүк пойызы рельстен шығып кетті”, – деп ҚТЖ болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
Кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленбек. Сондай-ақ олар ауыз сумен және тамақпен қамтамасыз етілетін болды.
“Түркістан облысында жүк пойызы вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты жолаушылар пойыздары кешігуі мүмкін”, – деп ескертті "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Сағат 21:00-дегі ақпарат бойынша:
- №21 "Семей-Қызылорда"
- № 203 "Астана-Шымкент"
- №22 "Қызылорда-Семей"
- №46 "Түркістан-Павлодар"
- №24 "Ақтөбе-Алматы"
- №55 "Көкшетау-Қызылорда"
- №87 "Алматы-Сарыағаш"
- №78 "Маңғыстау-Алматы"
- №30 "Атырау-Алматы
- No34 "Ақтөбе-Алматы"
Жоспар бойынша, 26 маусым күні таңғы сағат 04:00-де пойыз қозғалысы қайта жанданған.
“Компания қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды. Сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушыларға кешіктірілген әрбір толық сағат үшін 3% мөлшерінде өтемақы төленетінін хабарлайды. Бірақ өтемақы мөлшері жол жүру құнынан аспайды", – делінген ресми хабарламада.
Рельстен шығып кеткен жерде Шымкент, Арыс және Тараз станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр. Пойыз вагондарының рельстен шығуына жеке вагонның дөңгелек жұбы осьінің сынуы себеп болған.