Түркістан облысында шетелдік студенттер өзенге батып кетті (видео)
Түркістан облысында үндістандық екі студент Ақсу шатқалындағы Ақсу өзеніне батып кетті. Қазір құтқарушылар студенттердің мәйітін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 маусымда кезекші-диспетчерлік қызметке 20:10 шамасында ақпарат келіп түскен.
"21 жастағы екі шетелдік студент 16:49-да Төлеби ауданы Ханарық ауылынан бес шақырым жерде, Ақсу шатқалындағы Ақсу өзеніне белгісіз себеппен батып кетті", – делінген департамент хабарламасында.
Анықталғандай, 21 студенттен тұратын тұратын топ Шымкенттен келген. Олардың барлығы Үндістан азаматтары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқиды.
Іздестіру жұмыстарына 19 қызметкер, 1 жүзу құралы және Төтенше жағдайлар департаментінің 4 бірлік техникасы, 10 қызметкері мен облыстық полицияның 5 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Ақсу шатқалының тереңдігі 50-ден 100 метрге дейін жетеді. Құтқарушылар азаматтарды судағы қауіпсіздік техникасын сақтауға шақырды.