Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пранк себеп болуы мүмкін": Түркістан облысында 9-сынып оқушысы асылып өлді

Түркістан облысында 9-сынып оқушысы асылып қалған. Мектеп директоры бәрі балалар арасындағы пранктен басталған десе, ауыл тұрғындары ересек балалардың әлімжеттігі себеп деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылынан соңғы он күннен бері тыныштық кеткендей. 9-сыныптың  баласы суицид жасады деген хабардан соң мектептегілер де, ауыл халқы да байыз табар емес. 

Сұмдық жағдай 11 қазан күні кешкісін болыпты. 15 жастағы Мейрман Әділбек әжесінің үйіндегі сарайда асулы күйінде табылған. Мектеп директорының айтуынша, марқұм төрт күн қатарынан сабақта болмапты. Ауырып қалған көрінеді. Ал өз-өзіне қол салуына оқушылардың пранк жасауы түрткі болған деп санайды.

“Баланың екі досы, көрші сыныптас балалары қызға хабарласады. Ол баланың дос қызы, 8-сыныпта оқиды. Бала асылып қайтыс болды деп сол қызға бірінші айтыпты. Қыз қорқып подъезден жүгіріп шығады. Подъезден шықса, екі бала әлі “асылып өлген” баламыз "алдадық біз сені" деп қалжыңдап тұр екен. Осылай ойын ойнайды”, – дейді А.Макаренко атындағы жалпы орта мектеп директоры Гүлжан Әмірбекова.

Желтоқсан айында 15 жасқа толатын Мейрман мектеп бітіргесін әуелі әскерге барамын деп жүретін деді сынып жетекшісі. Болған жайт өзіне ауыр тигенін айтып көзіне жас алды. Мейрман отбасындағы үш перзенттің кенжесі. Әкесі қайтыс болған, анасы "бір Аллаға тапсырдым" деп қысқа қайырды. Ал Састөбе ауылының тұрғындары ересек балалар тарапынан ұлдарды ғана емес, кішкентай қыздарды да қорқытып ақша сұрайтындар барын жайып салды.

“Үшінші сыныптың да баласы басқа үшінші сыныптың оқушысынан ақша сұрағаны бар. Естіп қалдым. Енді шындықты айтқанда тұрған не бар? Шындықты айту керек. Мысалы, мына көз жұмған бала жөнінен айтатын болсақ, өткенде көңіл айтып кіргенімізде үйге анасы өзі "11-ші кластың балалары бопсалапты, ұрыпты, соғыпты" деп айтты. Сөйтіп ана бала бір апта бойы үйінде жатқан ауырып”, – дейді Састөбе ауылының тұрғыны Зульфия Қосалиева.

“Састөбеде тұру қорқынышты болып кетті. Біреуі асылып қалады, біреуін зорлап кетеді. Зейнет жасында болғасын көшеге басы артық шығуға да қорқатын болдық. Мектепте де ақша жинау тиылмайды еш. Сылтауы көп әйтеуір”, – дейді Састөбе ауылының тұрғыны Тамара Конская.

Марқұмның көршісі Фарида Әбжалиева да әлімжеттіктің барына сенімді. Қазан айының басында  кешкісін жоғары сыныптың балалары көршісінің ұлын қоршап тұрғанын көрген. Осындай сұмдықтың алдын алғысы келіп келіп мектеп директорына хабарласқан да екен.  

“Саябақта жеті сегіз бала екен, жаман сөздерді айтты да, сосын тоқтап тұрдым. Сөйткен едім, бір кезде арасында Мейірман бар екен. Бірақ мен Мейірманды ұрып жатқанын көрген жоқпын. Бірақ "ертеңге дейін ту..." деген сияқты әңгімені айтып тұрғанын естідім. Әй, кімді туғызбақшысыңдар, келіңдер жабылып мені туғызыңдар деп мен айттым. Жоқ әпше, жүре беріңіз деді. Мектептің шамамен 10-11-дің оқушылары”, – дейді Састөбе ауылының тұрғыны Фарида Әбжалиева.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу бабымен іс тергелуде. Бұл жайт Түркістан облыстық Полиция департаментінің бақылауында. Ал аудандық білім бөлімінің басшылары толық ақпаратты тергеуден соң ғана береміз деп отыр.

Талқылау