Түркістан облысында 18 жетімді асырап алған әйел келін жұмсап, немере сүйіп отыр
Қазақстанда жетімдер саны азайып келеді. Оған бала асырап алу саласындағы заңнаманың жолға қойылуы сеп болса керек. Өзі тұрмыс құрып, дүниеге бала әкелмесе де, 18 баланы қанатының астына алып, қамқор болып отырған кең жүректі ана – Түймегүл Ердешова Түркістан облысында тұрады.
Батыр ана өз өмірі жайлы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтып берді.
Өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болам деп, өз өмірін ұмыт қалдырған кейіпкер 33 жасында алғаш рет қыз баланы асырап алады. Балаларының алды бүгінде тұрмыс құрып, үйленіп, немере сүйгізіп отырған жәйі бар.
«Тұрмысқа шықпадым. Пенде болғаннан кейін ел қатарлы неге тұрмыс құрмадым деп армандаймын. Бұйрық болған жоқ. Өз кіндігімнен бала жоқ. Ең алғаш 33 жасымда тұңғыш қызым Мөлдірді асырап алдым. Кіндіктен тумасам да, туғанға бергісіз 18 балам бар. 4 балам шала туған, бірақ ол мен үшін кедергі емес. Әр балам бір кітап, бір әлем. Әр балам алтын асықтай. Балаларым алдымен Алланікі, одан кейін менікі. Өміріме өкінбеймін. Қазір бала-шағаммен бақыттымын», - дейді ержүрек ана.
Балаларын жастайынан еңбекке баулыған Түймегүл Ердешова наубайхана ашпақшы. Осылайша, өз күндерін өздері көретіндей жағдай жасап беруді көздейді.