Түркістан облысы Дезинфекция орталығының басшысы 3 жылға сотталды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы" ШЖҚ РМК филиалының бас директоры К. Төрегелдиев пен жеке компанияның басшысы Д. Озықбаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Төрегелдиев алаяқтық жасап, пара беруге итермеледі және немқұрайлық танытты деп айыпталды. Ал Озықбаев пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотталушы К. Төрегелдиев РМК-да жүргізіліп жатқан аудиторлық тексеру жөніндегі мәселені шешкені үшін лауазымды тұлғаларға пара беру сылтауымен Д. Озықбаевтың 500 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденген.
“Сондай-ақ Төрегелдиев өз міндеттерін тиісінше орындамай орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Осылайша мемлекетке 2,2 млн теңге мөлшерінде залал келтірді. Сот үкімімен К. Төрегелдиевке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал Д. Озықбаевқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сотталушылар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ақтауда білім басқармасының экс-басшысы мен мектеп директорлары жемқорлық үшін сотталған еді.