Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Турист шезлонг пайдалана алмағыны үшін туроператордан 1000 еуро өндіріп алды

Фото: magnific.com

Германиялық турист Грекиядағы қонақүйде демалысы кезінде шезлонгтарды пайдалана алмағаны үшін туроператордан шамамен 1000 еуро өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ганновер қаласындағы сот ер адамға өтемақы төленуі керек деген шешім шығарды. Себебі ер адам отбасымен демалыс кезінде бетонның үстінде жатуға мәжбүр болғанын айтты. Ол 2024 жылы отбасымен бірге Грекияның Кос аралында демалған. Ол күнде таң сәріден тұрып шезлонг алуға тырысқанын, бірақ бірде-біреуін пайдалана алмағанын айтқан.

Ер адам отбасылық демалысқа 7000 еуродан астам қаражат жұмсаған. Алайда отбасы мүшелері демалысын бетонның үстінде өткізген.

Турист шағымынан кейін қонақүйден ақшасының белгілі бір бөлігін қайтарып алған. Алайда өткен айда Ганновер аудандық соты төрт адамнан тұратын отбасыға 986,70 еуро көлемінде көбірек өтемақы төлеу керек деп шешіп, Германиядағы туроператордың жауапкершілігі барын мойындады.

Іс бойынша берген түсініктемесінде ер адам қонақүй де, туроператор да шезлонгтарды сүлгімен алдын ала "брондап алып қоюға" тыйым салатын ережені бақыламағанын айтты. Ол қызметкерлерге бірнеше рет өтініш жасаса да олар ешқандай шара қолданбаған. Ал басқа туристер шезлонгтарды заңсыз “сүлгімен брондауды тоқтатпаған”.

Соттың айтуынша, демалушыларға әрқашан шезлонг беріледі деден кепілдік жоқ. Бірақ туроператордың міндеті – қонақүймен бірге жұмыс істеп, шезлонг саны мен демалушылар саны арасында "ақылға қонымды" арақатынас болуын қамтамасыз ететін жүйе орнату.

Legal Tribune Online заң жаңалықтар сайтының хабарлауынша, Германиядағы туроператордың Грекиядағы жағдай үшін жауапты деп танылуы пакет турларды реттейтін қатаң заңдарға байланысты.

Сайттың пікірінше, қонақүй заң тұрғысынан қызмет көрсетуші ретінде қарастырылады, сондықтан ол туроператордың өкілі болып саналады.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Мамыр, 2026 08:39