Түріктің танымал әншісі: Қазақстандықтар жіберген ақшаға жер сілкінісінен қираған үйлерді қалпына келтірдік
Астанада өткен Халықаралық волонтерлер форумында сөз алған түріктің танымал рок әншісі Халук Левент Түркиядағы жер сілкінісінде қазақстандықтар аударған қаржыға қираған үйлерді қалпына келтіргендерін мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

“Жер сілкінісі болғанда Стамбұлдан қираған қалаға барып, волонтер болдық. Бүгінде атқарған жұмыстарға тоқталсам, соңғы үш ай апаттан зардап шеккен 15 мектепті қайта қалпына келтірдік. Қазіргі таңда екі қабатты үйлер тұрғызып жатырмыз. 2000 жуық үйді әлем елдері мен қазақстандық бауырларымыздан түскен ақшаға қайта тұрғыздық. Қиын-қыстау кезеңде көрсеткен қолдауларыңыз үшін қазақ халқы мен мемлекет басшысына түрік халқының атынан ерекше алғыс білдіреміз”, – деп ағынан жарылды Халук Левент.

Айта кетейік, Халук Левент 2017 жылы "AHBAP" үкіметтік емес ұйымын құрды. 2023 жылға қарай Түркияның 68 қаласында жұмысын жалғастырды. Ақпан айындағы Түркиядағы зілзала кезінде "AHBAP" ҮЕҰ зардап шеккендерге көмек беруі оның өте танымал болуына себеп болды. Өнерпаз аз уақыт ішінде рекордтық 50 млн еуро (24 млрд теңгеден аса) қаржы жинап, волонтерлерді төтенше жағдай орын алған аймаққа баруға жұмылдырған. 2023 жылы Левент Time журналының "Әлемдегі ең ықпалды 100 адам" тізіміне енді.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?