Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"13 миллион теңге, қымбат көлік": Танымал бизнес-тренер Аманжол Рысмендиевке халық алданып қалды

Танымал бизнес-тренер Аманжол Рысмендиевке алдандық деген бір топ адам құзырлы органдардан көмек сұрап “Көреміз” бағдарламасына келді.

Фото: https://www.instagram.com/amanzhol_rysmendiyev/

Бағдарламаға келген жәбірленушілер жарнамасы жер жарған, құны 10 миллион тұратын тренингтері өтпегеніне наразы. Ең қызығы, бизнес бастаудың қыр-сырын үйретемін деп ақша жинап алған коуч-бизнесмен хабарсыз кеткен. Тренингте ойнатылған автокөлік те иесіне берілмеген.   

               “Ұтқан көлігімді иелену үшін несие алып тағы ақша төледім”

"Тренингке қатысып, көлік ұтып алдым. Алайда көлікті бермеді. "Заңгеріміз шетелде жүр, 20 күннен соң келеді, сізді шақыртамыз. Сол кезде қол қойып, алып кетесіз" деді. 20 күн емес, екі ай өтті. Одан кейін де хабарластым, әлі жоқ. Тренингке қатысуға 3 млн теңге жұмсадым. "Көлікті ұттың, бұған ақша төлемесең болмайды" деген соң несие алып, тағы ақша төледім. Талабым – көлікті берсе деймін. Аманжол Рысмендиев "мені жарнамалап, ауылдарыңа айтыңдар" деді. Біз оның айтқанын орындадық. Қаншама адамды сабаққа шақырдық", – Бақытнұр Құдайбергенова. 

                         “13 миллион теңгемді қайтара алмай жүрмін”

Астаналық кәсіпкер Алмас Керімқұл Аманжол Рысмендиевтің 10 млн теңге тұратын жеке кеңесіне жазылған. Алайда танымал бизнес-тренер келісім-шартта көрсетілген тиісті міндетінің ешбірін орындамаған. Бүгінде ол бизнес-тренерден 13 млн теңге ақшасын қайтара алмай жүр.

"Жеке кеңесте бір жыл көлемінде қасыңда болып, ақыл-кеңесін беріп отырады. Белгілі бір деңгейге шығару керек. Соны міндеттеп алып, өзіне жауапкершілік алады. Ал Аманжол Рысмендиев өз міндетін атқармады. Негізі оның курсы 10 млн-40 млн теңгенің арасында. Тек бір мәрте жолықтық. Одан кейін көрмедім. Әлеуметтік желідегі парақшасына да, байланыс нөміріне де жаздым. Мені блоктап тастады. Не міндетін орындамайды, не ақшаны қайтармайды”, – деп ашуланды астаналық кәсіпкер. 

                              “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ”

Кәсіпкер Аманжол Рысмандиев мән-жайға қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді.

"Достар, кеш жарық. Өздеріңіз көргендей, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп керемет эфир жасап жатыр. 100% бәрі өтірік демеймін. Арасында шындығы да бар. Кейбір жауапкершіліктерді уақытында өткере алмадық. Бірақ оның барлығы реттеледі. Сондықтан, уайымдамаңыздар. Ал мені жаман көргісі келгендер сіздің де бүгін үйлеріңізде той болсын. Десе де, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Мына өмірде Құдай-ау, кім қарызданбай, кім қателеспей жатыр? Барлық нәрсені орнына қоятын нәрсе, ол – уақыт", – деп жазды кәсіпкер.

Талқылау