Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады – БАҚ
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Washington Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AP
Әңгіме барысында Ақ үй басшысы Путинді "соғысты өршітпеуге" шақырды. Сонымен қатар ол соғысты тоқтатуды талқылау үшін тағы да сөйлесуге дайын екенін жеткізді. Трамп бейбітшілікке қол жеткізу үшін әрі қарай келіссөздер өткізетінін айтты.
The Washington Post мәліметінше, Киев Трамптың Путинмен сөйлескені туралы хабардар болған және оған қарсы болмаған. Алайда, Украина сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды.
"Украин тараптың болжалды қоңырау туралы алдын ала хабардар болғаны туралы мәліметтер шындыққа жанаспайды. Тиісінше, Украина бұл қоңырауды қолдай да, қарсы да бола алмайтын еді", – деп мәлімдеді Украина сыртқы істер өкілі Георгий Тихий.
Басылым дерегіне сенсек, Трамп Путинге Флоридадағы резиденциясынан қоңырау шалған.
Еске салайық, бұған дейін демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер болған Камала Харрис Вашингтонда жақтастарымен кездесуде жеңілгенін мойындады. Ол Дональд Трамппен сөйлескенін растап, оған вице-президент ретінде көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ Камала жақтастарын сайлау нәтижесін қабылдауға шақырды. Трамп сайланарға дейін барлық соғысты, соның ішінде Украинадағы соғысты да тоқтататынын айтты. Сонымен қатар ол заңсыз көші-қонмен күресіп, шекараларды нығайтуды жоспарлап отыр.