Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төтенше жағдай кезінде елімізде 100 бала аман-есен дүниеге келген

Республиканың ауқымды су тасқыны жағдайына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлерінде 100 бала аман-есен дүниеге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

фото әйел

Фото: денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ең көп нәресте Ақмола облысында дүние есігін ашқан. 

“Қостанай облысында 8 сәби, Ақтөбе облысында 14 сәби, Батыс Қазақстан облысында 22 нәресте, Абай облысында 4 сәби дүниеге келді. Ал Қарағанды облысында 2 сәби, Атырау облысында 18 сәби, Ақмола облысында 32 сәби өмір есігін ашты”, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Бұрын хабарланғандай, су тасқыны басталғаннан бері өңірлерде 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды.

Апатты аймақтарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үш мыңға жуық дәрігер мен 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан өңірлерінде су тасқыны салдарын жою әлі де жүріп жатыр. Қазір 3745 жеке тұрғын үй су астында қалды.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында 3 702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағы, 1 822 саяжай және әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат, сондай-ақ 155 автожол су астында қалды. 

Бүгін денсаулық сақтау министрлігі еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар ұсыныс жариялады.

Талқылау