"Төрт жыл өз қаражатына оқытты": Шерхан Пірназар ұстазы Тұңғышбай Жаманқұлов туралы естелікті бөлісті

Танымал актер Шерхан Пірназар “Түнгі студияға” берген сұхбатында өнер жолына қалай келгенін және қиын кезеңде ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың қолдау көрсеткенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер 2010 жылы мектепті аяқтаған соң үлкен арманмен Алматыға аттанған. Ол кезде бір жыл бойы құжат жинап, әскери оқу орнына түскен. Алайда көп ұзамай бұл мамандықтың өзіне сай келмейтінін түсінеді.
Үйдің жалғыз баласы болған Шерханға қатаң тәртіп пен жаңа ортаға үйрену оңайға соқпаған. Ол әскери оқу орнындағы қиындықтарды көріп, ақыры оқудан шығып, Қызылордаға қайтқан.
Уақыт өтіп кеткеніне қарамастан, кейін Ақмешіт көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжіне автомеханик мамандығы бойынша грантқа қабылданады. Бірақ көңілі қаламаған соң бұл оқуын да аяқтамай тастап кеткен.
“Сөйтіп 2012 жылы Ақұзақ деген досым “Өнер академиясына барайық. Сенің түрің бар, даусың бар. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің” деп ұсыныс жасады. Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов ұстазым шеберханасына қабылдау жүргізіп жатыр екен. Емтихан тапсырдым”, – дейді Шерхан Пірназар.
Шерхан емтихан тапсырып, 88 балл жинағанымен, грантқа іліге алмайды.
Оның Алматыда жақын туыстары болмаған. Сондықтан алғашқы уақытта мешітте және көпқабатты үйлердің кіреберісінде түнеуге мәжбүр болған. Кейде таныстарының жалдамалы пәтерінде бірнеше күн тұрып, артынша қайтадан қонатын жер іздеген.
Бір күні түнгі сағат он жарым шамасында Қаскелеңдегі мешітте отырған Шерханға Тұңғышбай Жаманқұлов телефон соғады.
“Түнгі сағат он жарымда Қаскелеңде мешітте жатсам, Тұңғышбай аға хабарласты. "Осындай жағдай боп тұр, грантқа түсе алмадың. Ақылы түрде оқисың ба? Оқысаң сені өзіме алайын" деді. Ол кезде жас баламын, таңға дейін өкіріп жыладым. Колледжден шығып кеттім, туған-туыстың бетіне қалай қараймын деп ойладым”, – деді актер.
Келесі күні академияда грант иегерлерінің есімдері жарияланады. Шерхан өзінің тізімде жоқ екенін алдын ала білген. Сол сәтте бір студент Тұңғышбай Жаманқұловтың шақырып жатқанын жеткізеді. Алғашында барғысы келмегенімен, ұстазы өзі хабарласқан соң кездесуге барады.
Шерхан келгенде Тұңғышбай Жаманқұлов академия басшылығымен сөйлесіп, оны оқуға қалдырудың жолын қарастырып жатқан екен. Кейін ұстазы оған құжаттарын кадр бөліміне тапсыруды айтып, оқу ақысын өзі төлейтінін жеткізген.
Актердің сөзінше, ол алғашында ұстазы өзін жұбату үшін айтып тұр деп ойлаған. Айналасындағылар құттықтай бастағанда да оқуға шынымен қабылданғанына сене қоймаған.
Сол кезде анасы хабарласып, нәтижесін сұраған. Шерхан болған жағдайды айтып бергенде, анасы бейтаныс адамдарға сене бермеуін, мүмкіндік болмаса Қызылордаға қайтуын өтінген.
Алайда Тұңғышбай Жаманқұлов шәкіртін өзі ертіп барып, құжаттарын кадр бөліміне өткізген. Осылайша актер ұстазының қамқорлығының арқасында Өнер академиясында білім алады.
“Бірде Тұңғышбай аға “Бар да құжаттарыңды кадр бөліміне өткіз, ақылы түрде өзім оқытамын” деді. Мен басу айтып жатыр екен деп ойладым. Бәрі мені құттықтап жатыр. Бір кезде оқуға түскен, түспегенімді білмек болып анам хабарласты. Болған жағдайды айтып едім “Сенбе оларға. Олар алдап кетеді. Оқымасаң оқыма, Қызылордаға қайт” деді. Сөйтіп тұрғанда Тұңғышбай аға келіп екеуіміз кадр бөліміне бірге кірдік. Құжаттарымды тапсырдым, Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл өзі төлеп, оқытып шықты”, – дейді актер.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты
Оқыңыз