Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әжесі көмекке шақыруға тыйым салған": Төрт баласының көз алдында ажал құшқан әйелдің өлімі жайлы жаңа деректер айтылды

Түркістан облысында ер адам әйелін төрт баласының көзінше ұрып өлтірген. Оқиға 29 сәуірде болған. Анасының аяусыз соққыға жығылғаны туралы полицияға кәмелетке толмаған қызы мәлімдеген. Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның анасы істің мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Әйелін ұрған

Марқұмның анасының сөзінше, күйеу баласы қызының шашынан сүйреп, ұрып-соққан. 

"Ол қызымның аузына ішімдік құйған. Сосын босаған бөтелкемен басынан ұрған. Шашынан ұстап, моншаға дейін сүйреп барған. Басында шашы қалмаған. Тістері мен қабырғалары сынған. Үстіне секірген, ішкі құрылыстары зақымдалған", – деді марқұмның анасы Қаламқас Сартаева. 

15 жылда отбасыда жанжал өте көп болған екен. Марқұмның туыстары күйеу балаларын кез келген нәрсе ашуландыратын дейді. 43 жастағы ер адам өзінің мінезін ішімдік және есірткіге құмарлығымен байланыстырған. Ал 37 жастағы әйелі күйеуінің ұрып-соққанына балалары үшін шыдап келген. 

“Басынан пештің үстіндегі темір сақиналармен ұрған. Басында тесік орындар болды. Балалары анасын ұрмауын сұраған, бірақ ол балаларын да соққыға жыққан. Үйде күйеуінің анасы да болған. Үлкен қызы туыстарын көмекке шақыруды сұраған екен, бірақ тыйым салыпты. Балалар әжелерінен жасырынып полицияға қоңырау шалған. Тек төртінші рет қана тұтқаны көтерген. Олар 40 минуттан соң келді. Осы кезде күйеу баламыздың анасы барлық қан-жоса заттарды жинап, тығып қойған”, – деді марқұмның әпкесі Бақыт Саймасаева Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатында.



Жақындары әйелді соңғы екі жылда мүлде көрмегендерін мәлімдеді. Тек анасы барып, жағдайын біліп тұрған. Қызын бірнеше рет алып кетуге тырысқанымен, күйеуі артынан келеді екен. 

Полиция марқұмның артында қалған екі ұлы мен екі қызына психиологиялық көмек керегін айтады. Сонымен қатар хабарлама бойынша кеш жеткен полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс жүреді. 

"Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады және істеген әрекетіне өкінеді. Тұтқындау кезінде барлық заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Ол бұған дейін есепте тұрмаған. Туыстары мен көршілерінен арыз-шағым түспеген", – дейді Түркістан облысы тергеу басқармасының тергеушіі Еділ Алтынбаев.

Ведомствода тұтқындалған азаматтың Ордабасы ауданының тұрғыны екенін нақтылады. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының тұрғыны өз әйелін төрт баласының көзінше ұрып өлтіргенін хабарлаған едік. Қайғылы оқиға туралы “Не молчи” қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазды

Талқылау