Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазадан құтылып кетуі мүмкін": Шымкентте полиция қызметкері жүкті әйелін ұзақ уақыт ұрып, азаптап келген

Шымкенттің 23 жастағы тұрғыны полицияда қызмет ететін күйеуінен қорлық көргенін мәлімдеді. Әйелдің оқиғасымен "НеМолчи.KZ" қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова өз Facebook парақшасында жариялады. Әйелдің сөзінше, тұрмысқа шыққан соң күйеуінің қатігездігінің құрбаны болған. Тіпті жүкті кезінде де қол көтеруін доғармаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

әйел

Алғаш рет әйел жүктілігінің екінші айында аяусыз соққыға жығылған екен. Жарақаттары ауыр болғандықтан, ауруханаға жатқызылыпты. Ем қабылдап болған соң, зардап шеккен әйел анасымен бірге полицияға арыз түсірген. Алайда кейін істің алға жылжымағынын білген. 

"Тамыз айында күйеуімнің отбасысы келіп, кешірім сұрады. Мұндай жағдайға өзің жеткіздің деп қысым жасады. Тағы бір рет мүмкіндік бер деді. Ол пәтер тапқан соң, ата-анамыздан көшіп кеттік. Сұмдықтың барлығы осы кезде басталды", – дейді зардап шеккен әйел.

Айтуынша, күйеуі еш өзгермеген, кешірімді тек анасының өтінішінен кейін сұраған. Себебі анасы ажырасқан жағдайда, келіні ұлынан алимент талап етеді деп қорыққан. 

"Олар босанғанға дейін бірге тұрып, кейін мені психиатриялық ауруханаға өткізіп жібермек болған. Ал баланы өздеріне алуды жоспарлаған. Сол күні-ақ менің көзіме шөп салғанын білдім. Ұрсысып қалған соң, үстіме суық су құйып, ұрды. Кейін телефонды тартып алып, мені жиһаз бен азық-түлік жоқ пәтерде қамауда ұстады. Кешке үйіне алып кетті. Ол жерде енемнің ұрысымен өмір сүрдім. Желтоқсан айында күйеуімнің кесірінен инсульт алдым, жүктіліктің жетінші айында ауруханаға түстім", – деп қосты әйел. 

Ауруханадан шыққан соң да әйел күйеуінің отбасымен бірге тұрған. Ақпан айында ұлдары дүниеге келіпті. Отадан кейін және баланың жағдайы ауыр болғандықтан олар перзентханада 10 күн жатқан. Алайда үйіне оралған соң бір аптадан кейін тағы да аяусыз соққыға жығылған. 

"Себебі бала жылап, ұйқы бермеді. Ата-анама хабарластым, олар алып кетпек болған. Бірақ енем жылап, кешірім сұрады. Әкем мұның соңғы рет екенін айтып, мені қалдырды", – дейді зардап шеккен әйел. 

Дегенмен 10 күннен соң тағы да жанжал туындап, әйел өз үйіне қайта оралған. 

"Сол күні күйеуім мен енем келді. Үйде әкем болмаған. Менің жақындарымның көзінше күйеуім ұрып тастады. Басымнан жұдырықпен ұрып, отадан кейінгі тігістерімнен басты. Қолымда балам болған. Анам араша түскісі келіп еді, оған да қол көтерді. Жерге құлатып, көгерген із қалмайтындықтан, басымнан ұра берді. Ал енем шетте қарап тұрды. Анам полиция мен "жедел жәрдем" шақырды. Мұны естіген олар баланы алып кетіп қалдым. Арттарынан жалаң аяқ жүгірдім, бірақ кетіп қалды", – деп жалғастырды жас ана.  

Күйеуінен зәбір көрген әйел тағы да полицияға арыз түсірген. Кейін күйеуі баланы беріп, арызын кері қайтаруды талап етіпті. 

"Кешірім сұраудың орнына, қоқан лоқы көрсетті. Мен және менің отбасым ештеңе істей алмайтынымызды айтты. Бастығы келіп, күйеуімде осындай жағдайлар болып тұратынын, баланы ойлау керегін айтып, арызды қайтарып алуға көндірмек болды. Полицейлердің бес көлігі екі күн бойы үйіміздің алдында тұрды. Күйеуім келіп, кешірім сұраудың орнына анамның бетіне түкірді", – деп қосты ол.

Күйеуінің қатыгездігінен зардап шеккен әйел әділдік орнаса дейді. Себебі ер адам жазадан құтылып кетуі мүмкін екен. 

"Мен өзім және отбасым үшін қорқамын. Полицейлерден қорқамын. Қыр соңымыздан қалмай қояды деп ойлаймын, себебі бұған дейін де осылай болды. Сізден көмек сұраймын", – деп түйіндеді шымкенттік әйел. 

Дина Смаилованың жазбасынан кейін Шымкент полиция департаменті пікір білдірген. 

"Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптаманың нәтижесінен сәйкес азаматқа қатысты Әкімшілік кодекстің 73-1-бабы бойынша хаттама толтырылды. Жиналған деректерді Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ауданаралық сотына жіберіледі. Сонымен қатар қызметкердің жауапкершілігі тәртіптік комиссияда қаралады", – деп мәлімдеді ведомстводағылар. 

Алайда "НеМолчи.KZ" қорының өкілдері мұндай жағдайда әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа тартылу керек дейді. Себебі барлық деректер Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігіне сәйкес екенін алға тартты. Белсенділер Шымкент полиция департаменті өз қызметкерінен қылмыстық жауапкершілікті алып тастап, қылмысты жасырып отыруы мүмкін деп санайды. 

"Әкімшілік сотқа қарсымын. Жапа шеккен әйелдің құқығын таптамаңыздар, Сіздер барлық медициналық құжаттарды көтеріп, істі 110-баптың 2-бөлігіне (“Қинау”) ауыстыруға міндеттісіздер", – деді Дина Смаилова.  

Талқылау