Белгісіз адамдар ауруханадан алып кеткен: Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде 22 адам жоғалған
Алматыдағы бүлік кезінде із-түссіз кеткендер саны артқан. Жақындарын іздеп сабылған жұрт құзырлы органдардан қайыр болмай тұр дейді. Дүкенге шығып, үйіне қайтып оралмаған туыстарын да сақшылар заңсыз ұстап әкетті деп күдіктенеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме беріп.
Зейнеткер Әкімхан Асанов – үш ұлдың әкесі. Айтуынша, кенжесі офицер болып жұмыс істейді. Аласапыран кезде кезекшілікке түскен. 4 қаңтар күні інісін іздеп шыққан екінші баласы Алматты іздейді. Соңғы рет оқ тиіп, ауруханаға түскенін естіпті. Кейін ол жақтан да таба алмай қалған.
“Менің балам Асанов Алмат жоғалып кетті. 12-ші больницада жатқан. 8-не дейін жатты. Қолынан, иығының төмен жағынан оқ тиген. Сол баламды іздеп, ДВД-ға алып кетті деді. ДВД-да сенің балаң жоқ дейді. Сіздерге жүгініп отырмын. Тауып берсеңіздер деген ойым”, – дейді ол.
Бүлікшілердің бүлігі кезінде Айман Еспенбетова да жұбайынан көз жазып қалыпты. Туған күніме торт алуға кеткен күйеуімді іздемеген жерім жоқ дейді ол. Аурухана, мәйітхана, қала берді полицияға қайта-қайта барып, әбден шаршаған.
“Торт алып келуге үйден шығып кеткен. Түстен кейін телефонынан хабар келді оқ тиіп, 12-ші больницада жатқаны туралы. Дәл қазір қайда, қандай жағдайда екенін жарақаты қаншалықты ауыр екенінен ешқандай хабарымыз жоқ. Қалай да болсын босатуын талап етеміз”, – дейді жоғалған Б. Талғардың жұбайы.
- Митинг кезінде оқ тиген: Із-түссіз жоғалған Алматы қаласының тұрғынын отбасы таба алмай жатыр
- “Кеудесіне екі рет оқ атып өлтірген”: Алматылық 20 жастағы бойжеткен тәртіпсіздіктер кезінде анасынан айырылған
Жақындарын жоғалтқандар күн санап артып келеді. Заңгер Ғабит Өмірбеков осыны айтты. Ол өзіне туысын тауып беруді сұрап 50 шақты адам хабарласқанын дәлел қылды.
“Анасы баласының қайда жатқанын білуге құқығы бар Конституция бойынша. Барлық ақпарат қазіргі таңда полиция департаментінде. Ұсталған адамдардың, жеткізілген адамдардың, сотталған адамдардың, санкция берілген адамдардың тізімі, демек, ПД уақытылы кімнің қайда жатқанын, кімге не болғанын айтуы керек”, – дейді заңгер.
Десе де полиция департаменті осы уақытқа дейін 22 адамның жоғалғанын ресми мәлімдеді. 15-інің қай жерде екені анықталған, ал қалған жетеуі туралы әзірге ақпарат жоқ дейді.
Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек шабуылшылар заңсыз әрекетке мақсатты түрде барды дейді.
“Жан-жақтан жасады. Төрт жерден кірмекші болған. Осы үш ғимаратқа. Оқиға салдарынан 185 полиция қызметкері жарақат алды. Оның қазір екеуі ауыр халде. Өкінішке қарай 3 әріптесімізден айырылдық”, – дейді Салтанат Әзірбек.
Қазір лаңкестік қылмысқа қатысы бар деген 2 мыңнан астам күдікті ұсталған. Олардан 67 бірлік атыс қаруы мен 3 мың 112 оқ-дәрі тәркіленген. Өткен тәулікте Жетісу және Наурызбай аудандарында бүлікшілерден тазарту жұмыстары жүргізілді.