Семейде офицер букмекерлік кеңселерге қарызданып, әскери бөлім мүлкін ломбардқа өткізген
Семей гарнизоны әскери сотымен өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену фактісі бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Dzen.ru
Әскери соттың мәліметіне сенсек, айыпкер О штабтың топографиялық қызметінің басшысы бола тұра, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, букмекерлік сайтта бәс тігіп, ұтылып қалған.
"Жеке басындағы қарыздардың көбеюіне байланысты пайдакүнемдік мақсатта әскери бөлімге тиесілі топографиялық құрылғыларды "Т" ломбардына өткізген. Соның салдарынан мемлекетке 2 миллион теңгеден астам залал келтірілген", – деді әскери сот.
Сот үкімімен сотталушы О ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
"ҚК-нің 49-бабы, 1-бөлігіне сәйкес "капитан" әскери атағынан айырылды. Сотталғаннан мемлекет пайдасына материалдық шығын мен мемлекеттік баж салығы өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 8 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды.