Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында өзін емшімін деп таныстырған әйелмен кездесу ұйымдастырған мектепте тексеріс жүргізіледі

Жамбыл облысының білім басқармасы Тереңөзек ауылындағы “Томирис ханшайым” болып киінген емшіні құрметпен күтіп алған мектепте тексеру жүргізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Коллаж Stan.kz

Бұған дейін Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының "Томирис ханшайым" болып киінген әйелді салтанатты түрде қарсы алған видеосы қазақстандықтардың наразылығын тудырғаны туралы жазған едік. Желідегі видеолардың бірінен басына тәж киген әйелдің көйлегінің етегін бірнеше оқушының ұстап жүргенін көруге болады. Ал екінші бір видеода мектепке кірген әйелдің аяғының астына тұрғындар раушан гүлдерін лақтырып жатқаны көрсетілген.

Видеоны жергілікті журналист Мадияр Ералыұлы өзінің желідегі парақшасында бөлісіп, мәселенің мән-жайы туралы жазба жариялады. Журналистің айтуынша, “Томирис ханшайым” болып киінген әйел Тереңөзек ауылының тумасы Гүлсара Суазқызы екен. Әйел өзін денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған. Сондай-ақ ауыл мектебінің басшылығы әйелді қарсы алу үшін мұғалімдерден ақша жиналғаны да анықталды. 

Желіде тараған ақпаратқа қатысты Жамбыл облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады. 

"Жамбыл ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп басшылығының айтуынша, осы мектептің түлегі Көпбаева Гүлсара Суазқызы аз қамтылған отбасынан шыққан 100 оқушыға қайырымдылық көмек көрсетуді ұсынған. 2024 жылдың 29 тамызында Тереңөзек ауылының мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының қатысуымен іс-шара өткен. Мектеп басшылығы кездесу туралы жергілікті атқарушы билікке хабарламаған.

Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы арнайы тексеріс жүргізіп жатыр", – делінген Жамбыл облыстық білім басқармасының хабарламасында. 

Талқылау