Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте "сыра патшасы" Тоқтар Төлешовке тиесілі мәдениет үйі коммуналды қызметке беріледі

Шымкентте бірнеше жыл бойы қаңырап бос тұрған "Фосфоршылар" мәдениет үйі қаланың коммуналдық меншігіне өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғимарат "Дархан групп" ЖШС жеке меншігінде болған. Оның құрылтайшыларының бірі – “сыра патшасы” атанған Тоқтар Төлешов. 2016 жылға дейін мұнда балалар клубтары жұмыс істеді. Бірақ Төлешовке қатысты үкім шыққаннан кейін ғимарат пен оның маңындағы аумақ тәркіленді, бірақ әкімдік мүлікті өз балансына қабылдамады.

“Дархан групп” мәдениет үйі сыра зауытына бес жыл ішінде 1,8 миллиард теңге қарыз болғанын мәлімдеді. Содан бері ғимарат қараусыз қалған.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық прокуратурамен және мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесіп, мәдениет үйін қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау алгоритмін әзірлегенін хабарлады.

"13 қарашада Фосфоршылар атындағы мәдениет үйін қалалық коммуналдық меншікке беру туралы келісімге қол жеткізілді. Алдағы уақытта ғимарат аумағын абаттандырып, ол көпфункционалды жастар сарайы болып қайта жаңғыртылады", – деп атап өтті Шымкент басшысы.

Мәдениет үйінің құрылысы Шымкентте фосфор зауыты ашылғаннан кейін басталды. Мәдениет үйі 1982 жылы ашылған.

Талқылау