Тоқтар Серіков: Әкемді құшақтап отырып о дүниеге аттандырдым
Тоқтар Серіков өмірдегі әкесінің рөлі ерекше екенін айтады. Әнші өзін өнерге баулыған, керемет азамат етіп тәрбиелеген асқар тау әкесін еске алды.
Бұл туралы "Талантым-тағдырым" бағдарламасындай айтылды.
"Мені өнерге баулығам алғашқы ұстазым әкем. Әнді де айтатын, домбыраны да шертетін. Сол кісіге қарап домбыраны үйрендім, ән айттым. Мені қалаға аттандырған өзі еді. Алматыға қалдырар шақта әкеммен бірге ауылға қайтам деп жылағаным бар. Сол кезде әкем "мен өмір бойы мал бақтым. Қара табан құл болдым. Ең құрығанда сен қалада қалсаңшы. Оқысаңшы. Білім алсаңшы. Мен құсап ауылда жүресің бе? Елді көр, жерді көр" деді. Осы сөз мені есейтіп жіберді. Кейін Тоқтардың әкесі деп іздеп барып, арнайы амандасқан үлкен кісілер болды. Менің жетістігімді көрді", - дейді әнші.
Әншінің әкесі Қадыр аға 75 жасында дүниеден озды. Әнші өзі қасында болып, бауырына басып отырып қоштасқанын еске алды.
"Әкем өкпесі ауырып, 75 жасында өмірден озды. Қасында болдық. Мұсылман болған соң бірінші кезекте ойлайтынымыз, кәлимаға тілі келер ме екен деген ой мазалады. Әкемнің ауырып жатқанын күнде көріп жүрдім. Мен әкемнің қойнында жатамын. Мені желкемнен құшақтап, сен менің дәулетімсің ғой деді. Кезінде мұртыма мұз қатып, мал бағып жүргенде кейін осылай жақсы өмір сүрем деп ойладым ба? Сендердің жетістіктеріңді көрдім. Мен бақыттымын деді. Мен күнделікті кәлима айтып жатам деді". Мен соған қуанып қалдым. "Жаныңды алар періште келгенде қасыңдағы адамға қосылып, кәлиманы айтсаң да болады" дедім. Бастысы қорықпау керек дедім. Ертесі көже жасап, қойдың қабырғасының сүбесінен бәрімізге тілімдеп кесіп берді, ауылдан анамызды алдырттық. Бәріміз бір дастарханнан ас іштік. Бір кезде әкем бізге қарап, "мен болдым" деді. Бұл осымен мен кеттім дегені екен. Маған тілі байланып бара жатқанын білдірді. Мен оң құлағына сыбырлап, құшақтатадым. Осылай әкемді о дүниеге құшақтап отырып аттандырдым", - дейді көзіне жас алған әнші.
Тоқтар Серіков әкесінің өлімі ақ өлім болған деп санайды. Әкесінің жаны жәнатта болады, сол жақтан өзін күтеді деп үміттенеді. Ләйім солай болғай.