Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Токио олимпиадасымен салыстырғанда көш ілгеріміз": Елдос Сметов Париждегі дүрмектің нәтижесіне оң баға берді

Париж олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтынды салған Елдос Сметов төртжылдықтың басты додасын қорытындылап, нәтижесіне оң баға берді. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Buda Mendes/Getty Images

Дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Елдос Сметов Париж олимпиадасындағы нәтижені Токиомен салыстырғанда жақсы екенін және спортшылардың барлығы жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салғанын айтты. 

“Міне, Париж Олимпиадасы да өз мәресіне жетті! Бұл додада еліміз үшін үлкен сынға қаншама әріптестерім түсті. Бірі жүлделі болды, енді бірі жеңіске бір қадам жетпей қалды. Десек те, барлығымыз ел намысын қолдан бермеуге барымызды салдық. Бар күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, ел мәртебесін асыруға тырыстық. Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар.

Өздеріңіз куәсіздер… Мен тек үшінші олимпиадамда алтын жүлдеге қол жеткіздім. Бұл жалғыз мен үшін емес, қолдап, қолпаштап отырған сіздердің қуаныштарыңыз! Сондықтан өткеннен сабақ алып, келешекке жарқын қадам басып келеміз. Соңғы олимпиада ойындарымен салыстырғанда көш ілгеріміз. Барымызды бағалап, алдағы жеңіске бірлесе жетейік” – деді Сметов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Париждегі олимпиаданы жеті медальмен аяқтап, жалпы командалық есепте құрамамыз жеті медальмен 43-ші орынға жайғасты. 

    

Талқылау