Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонға пәтер берілді

Алматы облысында Токио Олимпиадасында ауыр атлетика спортының  жүлдегерлері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонға өңір басшысы Амандық Баталов пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

үй берді

"Сіздердің спорттық жетістіктеріңізді ел Президенті жоғары бағалап, мемлекеттік награда берді. Зульфия ІІ дәрежелі "Достық", Игорь – "Құрмет" ордендерімен марапатталды. Олимпиада ойындарының қола жүлдесі еліміз үшін үлкен жетістік. Сондықтан сендер біздің еліміздің мақтанышысыздар. Сіздерге барлық қажетті мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетіледі. Біз өз тарапымыздан көмектесуді және қолдауды жалғастырамыз. Бүгін мен сіздерді жетісулықтар атынан елеулі жеңіспен құттықтаймын және жаңа спорт шыңдарын бағындыруларыңызға тілектеспін", – деген Амандық Баталов.

Зульфия Чиншанло үш бөлмелі пәтердің, ал Игорь Сон екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатталды. Оларға әрқайсысына 2 миллион теңгеден ақша сертификаттары табыс етілді.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ауыр атлетикадан 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон спортшыларға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғысын білдірді. "Спортшыларға барлық жағынан көрсеткен көмегі үшін ел Президентіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан бізге артылған сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз. Алда Азия ойындары. Біз оларға жоғары марапаттарға ие болу үшін белсенді түрде дайындалатын боламыз", – деді ол.

Игорь Сонның жаттықтырушысы Сергей Седов та ризашылығын білдірді.

"13 жыл бойы мен спорт интернатында жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін. Енді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған тағы екі тәрбиеленушім бар. Біріншісі – Карина Горичева, қазір Игорь. Мен бұған өте қуаныштымын. Жаттықтырушылар атынан спортшыларымыздың сәтті жаттықтыруы үшін жасалған жағдайға алғыс айтқым келеді. Біз елге және аймаққа медаль әкелу үшін, нәтиже үшін жұмысты жалғастырамыз", – деді ол.

Кездесу барысында спортшылар алдағы жоспарларымен бөлісті, өздерінің мақсаттары мен спорттық дайындық ерекшеліктері туралы айтты.

Талқылау