Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқал алғандардың дәуірі жүріп тұр": Жеңіс Ысқақова тоқалы бар шенеуніктерді жазалауды ұсынды

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова билік басында отырып, бірнеше әйел алатын шенеуніктерді сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Өнер иесі Adal Adam Youtube арнасына сұхбат беріп, тоқал алатындарды ұлтқа қызмет етпейді деп айыптады. 

“Қазақта “Өзбек байыса үй соғады, қазақ байыса қатын алады” деген сөз бар. Өте дұрыс айтылған. Халықтың айтқаны бекер емес. Бір өзі бірнеше әйел алатындарды түсінбеймін. Өмір бойына жас болып қаламын деп ойлай ма екен?! Жастай сүйіп қосылған жарынан безіп, әке деп алғаш атақ берген балаларынан ажырап, тоқалдың соңынан кеткендерді құп көрмеймін. Психологиялық жарақат салып, балалардың тағдырына әсер етеді. Тоқалы туып береді. Бірақ балалардың жағдайы тепе-теңдікте болмайды. Қазақтың қызғаншақтығы генетикаға өтіп кеткен. Қазір тоқал алғандардың дәуірі жүріп тұр. Ертең қызғаншақ, сорлы халық болатынымызда шаруалары жоқ. Бір мүшесінің рахаты үшін ұрпаққа қиянат жасап жатқанын біле ме екен?! Кеңес үкіметі кезінде бір келіншекпен жүріп қойғаныңды біреу біліп қойса, сені партиядан, жұмыстан шығарып, қаралап қуып жіберетін. Ал қазір заңды қолға алмайынша, ештеңе тоқтамайды. Бүгінде билік басында отырғандардың қайсысының тоқалы бар, бәрін ит қосып, қуу керек. Әуелі әкімдерден бастау керек. Сосын жоғары жаққа кете береді”, – деп ашынды өнер иесі. 



Сонымен қатар әнші тоқалы бар еркектердің іс-әрекеті тәрбиеге тікелей әсер ететінін баса айтты.

“Тоқалы бар әкімнің үйіне кіріп көрші. Оның бала-шағасы, әйелі қандай күйде отырғанын көзінен-ақ ұғуға болады. Әкесі басқа әйелге кетіп қалған қыздың жағдайы не болмақ?! Ол болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ана ғой. Әкесінен тірідей айырылған ұлды не күтіп тұр?! Соны неге ойламайды екен?! Оның достары “Әкең басқа әйелге кетіп қалыпты ғой” деп сөз етпеуіне кім кепіл?!” – деді әнші. 

Еске салайық, "Бәйбіше күйеуіне тоқал сыйлау арқылы "өзіне әйел алып жатыр" деп психолог қоғамдағы даулы мәселеге қатысты пікір білдірген еді. 

Талқылау