Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан-Қытай шекарасында тексеріс жүріп жатыр

Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жүргізілуде. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тексеруді Бас прокуратураның, қаржы мониторингі агенттігінің және Қаржы министрлігінің өкілдері қатарынан арнайы құрылған жұмыс тобы жүргізеді.

Шекарада тек уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесі бар импорттаушылар тексеріледі. Оның қорытындысы бойынша ҚР заңнамасында көзделген шаралар қабылданатын болады.

“Тексеру уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесі бар импорттаушыларға қатысты ғана жүзеге асырылады. Қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасында көзделген шаралар қабылданатын болады. Жүргізілген тексеру тауарларды кедендік шекара арқылы заңды түрде өткізуге кедергі келтірмейді және адал бизнес сыртқы экономикалық қызметті шектеусіз жүзеге асырады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша нарықта ҚХР-мен импорттық операцияларды жүзеге асыратын сыртқы экономикалық қызметтің 7 241 қатысушысы жұмыс істейді. Оның ішінде 17 субъекті УЭО (уәкілетті экономикалық оператор), оларға импорттың барлық көлемінің 18%-ы тиесілі. Бұл ретте өнімді өз қажеті үшін импорттайтын 5 УЭО - өндірістік сектор және квазимемлекеттік 2 УЭО бар ("Қазпочта" АҚ және "ҚТЖ" АҚ еншілес ұйымы - "KTZ Express"АҚ), – деді мемлекеттік кірістер комитеті.

Қазақстан-қытай шекарасындағы өткізу пункттері және тауарларды кедендік тазартудың басқа орындары белгіленген жұмыс режимі бойынша жұмыс істеуін жалғастыруда.

Талқылау