Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекітуге тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекітуге тапсырма берді.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
"Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ", - деп жазды Тоқаев Твиттердегі парақшасында.
Бұған дейін тәуелсіз Қазақстанда журналистер күні 10 мамырда атап өтілген болатын. Бұл күн 1870 жылы қазақ тіліндегі алғашқы газет "Түркістан уәлаятының" (Түркістан газеті) жарыққа шыққан күнімен байланыстырылды. Алайда бұл мереке ресми болмады.
2011 жылы жаңа күн бекітілді. 1991 жылдың 28 маусымында Қазақ КСР-ның "Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңы қабылданды. Жаңа дата осы күнмен орайластырылды. Дегенмен бұл мерекелік дата да құбылмалы еді. Журналистер мерекесін маусымның соңғы жексенбісінде тойлап жүрді.
Қазақстан Республикасы президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнін мерекелеу 28 маусымға белгіленді.