Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитін ашты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн түрде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитін Түркістанда ұйымдастыру жоспарланып еді. Дегенмен, пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізіп отырмыз. Коронавирус індетінің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін. Енді іс-шараны ұйымдастырушы ретінде Түркі кеңесінің бейресми саммитін ашық деп жариялаймын", - деді Тоқаев саммиттің ашылу салтанатында.
Айта кетсек, елордада Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өтіп жатыр.
Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқылануда. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.
Онлайн саммитке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысып жатыр.