Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Шетелдік университеттерге берілетін гранттар ұлттық университеттердікінен 5 есе жоғары – бұл дұрыс емес

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шетелдік университеттерге бөлінетін мемлекеттік гранттардың көлемін талдап, қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды.

“Бұл Қазақстанға өте қажет. Осы бастама, ең алдымен, жастардың өз жерімізде сапалы білім алуына жол ашады. Біз сол арқылы еліміздің жоғары білім жүйесіне халықаралық бағдарламалар мен озық стандарттарды енгізе аламыз. Жалпы, осы уақыт ішінде ауқымды шаруа атқарылды, 33 университеттің филиалы ашылды. Оның ішінде Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары, сондай-ақ Лу Бань шеберханасы бар”, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жетекші университеттермен өзара әрекеттестік тек формалды серіктестікпен шектелмеуі керегіне назар аударды.

“Бірақ бұл жұмыс әлемнің үздік университеттерімен серіктестік орнатумен аяқталмауы керек. Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. Осы мәселені мұқият зерделеу маңызды. Қазір еліміздегі шетел жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алып жатқан студенттердің дені – мемлекеттік грант иелері”, – деді Президент.

Президент қазір еліміздегі шетелдік университеттердің филиалдарында білім алатын студенттердің басым бөлігі мемлекеттік грант иегерлері екенін атап өтті.

“Елімізде жергілікті жоғары оқу орны мен шетелдік университеттерге берілетін мемлекеттік оқу гранттарының ақысында үлкен айырмашылық бар. Үкіметтің мәліметі бойынша, бір студентті оқыту үшін шетелдік филиалға бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін грант көлемінен 5 есе артық”, – деді ол. 

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жағдайда бәсекелестік туралы сөз айтудың өзі орынсыз болуы мүмкін. Сондықтан Президент Үкімет шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант құнын қайта пысықтап, тиісті талдау жүргізуді тапсырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 18:34