Тоқаев ішкі істер министрлігіне Бишімбаев ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, бас прокурор Берік Асыловпен және жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.
Президенттің сөзінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді. Тоқаев осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек екенін баса айтты.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесу керек.
Тоқаев ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
“Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел”, – деді Президент.