Тоқаев Қазақстан әскерінің жауынгерлік әзірлігінің жай-күйі туралы баяндаманы тыңдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі туралы баяндалды.
Руслан Жақсылықов әскери бөлімшелердің жедел іс-қимылдарға және жауынгерлік дайындығы, басқару органдары мен жеке құрамды оқытуға бағытталған негізгі күш-жігер жөнінде айтты. Қарулы Күштердің дағдарыс жағдайында, оның ішінде қазіргідей су тасқынына қарсы күрес кезінде орталық және жергілікті билік органдарымен тиімді байланыс орнатуы маңызды екеніне назар аударылды.
“Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жарақтандыру, аумақтық қорғаныс әскерлерін күшейту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру ісі жөнінде мәлімет берді. Еліміздің ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында 2024 жылға жоспарланған шаралар, сондай-ақ ауқымды оқу-жаттығу жиындарын, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізу жайында айтты. Ведомствоның жауынгерлік-патриоттық тәрбие беру, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін және әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстары туралы баяндады”, – делінген ақпаратта.
- "Жағдай осылай жалғасса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет": Тоқаев су тасқынына байланысты отырыс өткізді
- "Әкімдер ауысады": Қазақстандық саясаттанушы су тасқынына байланысты шенеуніктерге шара қолданылатынын болжады
Президент БҰҰ аясында Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік контингент қызметінің маңызды екенін атап өткен.
“Қасым-Жомарт Тоқаев министрге Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуетін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді”, – деп қосты Ақорда.
Бұған дейін 2024 жылғы 30 маусымға дейін қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіз жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам әскери міндеттілер толықтыратыны туралы хабарланған болатын.