Тоқаев қашан және қандай вакцина салдырады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцина салдырады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Президент қыста берген тележолдауында мен вакцина салдырамын және барлық азаматтарды вакцина салдыруға шақырамын деді. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандық вакцинаны саламын деген болатын. Жалпы салу ойында бар. Ол туралы дер кезінде құлағдар боласыздар деп ойлаймын", - деді Берік Уәли Хабар 24 телеарнасына берген сұхбатында.
Одан бөлек, мемлекет басшысының баспасөз хатшысы билік халықтың сөзіне құлақ аса ма деген сұраққа жауап берді.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ол уақытша нәрсе деп айтпас едім. Бұл тұжырымдама 1,5 жылдың ішінде өзін дәлелдеді. Президент әкімшілігінде өтініштерді қарауды бақылау деген бөлім жұмыс жасайды, оны президент көмекшісі Тамара Дүйсенова басқарады. Мендегі мәліметтерге сәйкес биыл жыл басынан бері 8341 өтініш келіп түскен екен. Осынша өтініш келгеніне қарағанда халықта сенім бар. Тікелей президенттің атына келіп түскен өтініштер болғаннан кейін, ол қатаң бақылауда. Президент әкімшілігіндегі бөлімдер сұрақтарды салаға бөліп, тиісті министрлікке, әкімдікке, агенттікке жіберіліп жүзеге асырылады", - деді ол.
Оның айтуынша, Тоқаевқа келіп түсетін арыз-шағымның 44 пайызы құқық қорғау органдарына және 21 пайызы әлеуметтік мәселелерге қатысты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық БАҚ-қа сұхбат бермеу себебін түсіндірген болатын.