Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы: Мен кек алуға ұмтылмаймын

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында президент қаңтар оқиғаларына тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, жылдың басында Қазақстан ішкі және сыртқы деструктивті күштердің ауыр әрі қатыгездікпен жасалған шабуылына тап болды. Қазақстандықтардың табандылығы мен ұжымдық парасаттылығының арқасында мемлекеттік төңкеріс жасаушыларға тойтарыс берілді. Ал бүлікшілер мен бұзақылар жауапқа тартылып жатыр.

"Қаңтар оқиғасынан" кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасын ұсындым", – деді Тоқаев.

Ол бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерді сақтап, бұған дейінгі "жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға" көмектесетінін айтты.

"Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады", – деп атап көрсетті Тоқаев.

Президент халықаралық серіктестерін осындай сын сағатта Қазақстанға деген берік ынтымақтастығын танытуға шақырды.

"Менің Әкімшілігім өз тарапынан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырады. Инвестициялық келісімшарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықпен тоқтаусыз күреседі. Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынасты жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын", – дейді мемлекет басшысы.

Талқылау