Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Ауылда бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Мұнда қайдағы сапа?

Мемлекет басшысы ауыл мектептеріне үздік менеджерлер мен ұстаздарды тартуды тапсырды. Осы орайда ол елдің барлық жерінде оқушыларға тең жағдай жасалуы керегіне тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Тоқаев

«Ауылды елдімекендерде көптеген шағын мектепте бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр болып отыр. Бұл жерде қандай білім сапасы туралы айтуға болады? Осы орайда облыс әкімдеріне өңірдегі мектептеріне үздік менеджер мен педагог мамандарды тарту үшін гранттар бөлуді қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әрі қарай ол реформаларда ұстаздардың нақты қажеттіліктері есепке алынбай қалатынына тоқталды. Осы орайда мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтардың сапасы, инфрақұрылым мен материалдық қордың заман талабына сай болуы туралы айтылды. 

«Білім беру жүйесіне теріс ықпал тигізетін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларды педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбай қалатыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыда дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық ғылымдары өткізетін курстармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен аталған курстарда да мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін «Білім және ғылым» конференциясы кезінде мемлекет басшысы мұғалімдер жалақысын екі есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, Білім министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы әліппенің қайта оралатынын мәлімдеді. 

Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда. 

Талқылау