Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төбесі үгітіліп жатыр": Қарағанды облысында ауыл балалары "жарамсыз" деп танылған ғимаратта оқуға мәжбүр

Қарағанды ​​облысы Талды ауылының балалары мектепке мұқтаж. Ауылдағы оқу ордасының құрылысы тоқтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скриншот

Ескі ғимаратты мамандар қауіпті деп танығандықтан, 3 жыл бұрын бұзылуы керек еді. 150 баланың қалыпты жағдайда оқуға мүмкіндігі жоқ.

Әйгерім Бағдатқызы 8 жыл мектеп жанындағы шағын орталықта мұғалім болып жұмыс істейді. Екі ұлы да осында білім алады. 

“Әрине, ғимарат құлап кетеді деп ойламаймыз, бірақ ол апатты жағдайда. Қауіп бар. Әрине, біз жаңа мектептің ашылуын қатты қуанып, асыға күтеміз. Балаларымыздың жақсы жағдайда оқығанын қалаймыз”, – деді Талды тұрғыны Әйгерім Бағдатқызы.

Талды ауылындағы мектепке 35 жыл болған. Оның дұрыс емес жерде орналасуына байланысты ғимарат 2006 жылы бүліне бастаған. Қазір ғимарат құлап кетпесін деп төбелерде темірлер бекітілген. Мамандар ғимаратты 3 жыл бұрын қауіпті деп таныған. 

“Мектептің жағдайы нашарлап кетті. Төбе үгітіліп жатыр. Бақылап, қай жерде жарық бар, қай сынып қауіпті екенін тексеріп жүрміз”, – деді  мектеп директорының әкімшілік-шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Құмар Әшімов.

Жаңа мектепке миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталып, техникалық қадағалау бұзушылықтарды бірден анықтаған.

“Қосалқы мердігерлер іргетасын сапасыз құйып, ол үгітіле бастады. Қауіпсіздік мақсатында құрылыс тоқтатылды. Іргетас бөлшектелді. Сондықтан мерзімдер кейінге шегерілді”, – деп мәлімдеді Қ.Аманжолов атындағы ауылдық округінің әкімі Ербол Жоламан.

Жаңа мектептің құрылысы биыл ғана басталды. Жоба бойынша екі қабатты ғимарат 200 балаға есептелген. Жұмыс кеш жүріп жатыр. Егер сәтті аяқталса, 2025 жылы балалар сонда оқиды деген болжам бар.

Талқылау