"Тыныс алу мүмкін емес": Ұлытау әкімі Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ауасы тым лас екенін мойындады
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының кей аумақтарында ауаның ластануы тым жоғары екенін және тыныс алу мүмкін еместігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ortcom.kz
Облыс әкімінің сөзінше, Ұлытау өңірінде өнеркәсіп негізінен Сәтбаев пен Жезқазған қалаларында шоғырланған. Сондықтан мұнда ауаның ластану деңгейі жоғары.
“Біз Жезқазған мен Сәтбаевта ауа сапасын бақылайтын алты датчик орнаттық. Бұл қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан. Мамандар өздері анықтайды. Датчиктерді тұрғын үйлер мен мектептердің жанына қойдық. Өкінішке қарай, бізде тыныс алу мүмкін емес жерлер бар", – дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Облыс әкімі атап өткендей, ауа датчиктері сапаны өлшеу мақсатында және ондағы ақпаратты экологиялық бақылау департаментіне беру үшін қажет. Сосын әкімдікпен бірлесіп атмосфераға шығарындыларға жауапты өнеркәсіптік кәсіпорындардына ескерту жасалады. Заң бұзушылық болса айыппұл салынады.
Сондай-ақ әкім облыста экологиялық жағдайдың нашарлығынан халық арасында жоғары сырқаттанушылық көп екенін айтты. Оның ішінде онкологиялық аурулардың өршуіне Байқоңыр ғарыш айлағының қызметі әсер етіп отыр деді. Қазір ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 640 миллион теңге бөлу қарастырылған.