"Cтримде 92 жастағы шалмен жарыстым": Қазақстандық әжелер TikTok-тың арқасында қалай табыс тауып жүргендерін айтып берді
Бүгінде TikTok желісінің дамығаны соншалық оны еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қарайды. Ал дәл осы желіде жұлдыздары жанып, жұртшылықты аузына қаратып жүрген заманауи әжелер туралы білесіз бе? Түрлі контенттерімен елді тәнті еткен қазақстандық зейнеткерлер TikTok арқылы қалай қаражат тауып жүргенін айтып берді. Одан бөлек, бұл желі олардың денсаулықтарына да оңынан ықпал етіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет бағдарлама кадрларынан скринделген
Шардаралық 75 жастағы Мәрияхан Құрбанова бүгінгі таңда TikTok арқылы табыс тауып жүр. “Шардара апашка” деген лақап атпен танымал кейуанаTikTok-тың денсаулығына пайдасы тигенін жасырмайды.
“90-жылдан бері базарда сатушы болып істедім. Сөйтіп жүргенде жүрегім екі рет инфаркт алды. Содан кейін ешнәрсеге жарамай үйде отырып қалдым. Содан не істеймін дегенімде мына TikTok пайда болды. Осы желіге арнайы телефон сатып алып, кіре бастадым. Егер TikTok болмағанда менің жағдайым өте қиын болар еді. Есімде, бір күнде өліп-талып, төрт жұмыс істейтін едім. Қазір баламның қолындамын, келінім мен екі немерем бар”, – деді Мәрияхан әже.
Жалғызбасты ана денсаулығы нашар баласын асырау үшін осы уақытқа дейін көп тер төккенін айтады. Ал бүгін сол еңбек ақталып, немерелерімнің қызығын көріп отыр екен.
“Бір күні үйде жүріп би биледім. Ән шырқап билемесем жүре алмайтын жанмын өзім. Кейін оны түсіріп алып TikTok-қа салып едік, кейін көп адамдардың пікір жазды. “Апа жақсы билейсің” деп жоғары баға берді. Содан кейін TikTok-қа шығамын деп шештім. Тіпті түрлі ойлар мен армандар пайда болды. Содан кейін мына “Қазақстан бойынша қариялардың ішіннен шыққан алғашқы блогер” деген атақты аламын деп шештім”, – деді Мәрияхан Құрбанова.
Оған TikTok туралы ұлы айтып көрсеткен. Видеоларын да алғашында ұлы салып берген. Ұлы Мәриямхан әженің қолы бос болғандықтан ермек еткісі келіп, қызыққанын жеткізді. Айтуынша, кейуана өзінің өмірін, қызықты әңгімелер айтып, билеп, әртүрлі контент жасай бастаған.
Мәриямхан әже TikTok-та батл стримдарға да қатысып, көп ұпаймен жеңістерге де жетіп жүр. Ұлы Дәулет Тасқұлов анасының бірде 5 минуттық батлда 290 мың теңге тапқанын да алға тартты.
Сурет бағдарлама кадрларынан скринделген
“Қырғызстанның 92-дегі шалымен жарыстым. Оны 16 рет жеңдім. Хэйтерлерім де бар. Бірақ жаман сөздерді мен қыстырмай, ойнап-күліп отыра берем. Хейтерлар қазір менің досым болып кетті. 29 300 оқырманым бар. Бір-бірімізге әзіл айтамыз, жігіттер көбіне “апа, біз қандай қызға үйленсек дұрыс болады” деген сұрақ қояды. Мен оларға бар кеңесімді айтамын”, – деді Мариямхан әже.
Дәл осындай тағы бір заманауи әже – Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының 70 жастағы тұрғыны Сәуле Әбубәкірова. Лақап аты “Әже блогер”. Кейуананың айтынша, ол ауруханадан үйге шыққаннан соң құр жатудан жалыққан.
“Ал мен ештеңе істемей тыныш отыруды ұнатпаймын. Сөйтіп TikTok қарап отырып. Бір кемпірді көріп қалдым. Билеп-билеп қанша еңбек етіп жүр. Соған қарап “осы кісінің істегенін мен неге істей алмаймын?” деп немереме маған TikTok ашып беруін сұрадым.
Сосын “неге осыған ауыл өмірін көрсетпеске?” деген оймен TikTok-қа кірдім. Көктемнен бастап тіркелдім. Соның өзінде көп нәтиже алып жатырмын. Демалыс күндері екі мезгеіл отырамын. Ал басқа күндері немерелерге қараймын қолым босамайды. Кешке қолым босағанда отырамын. Бала тәрбиесінен бастап бүкіл ауыл тіршілігін көрсете беремін. Менде хейттерлер көп емес. Тек бір екеу ғана”, – деді әже.
-
Әкесі екі түрлі отбасыға сатып жіберген егіз қыздар 20 жылдан соң бір-бірін TikTok арқылы тапқан
-
“TikTok-ер ұстаздар”: Петропавлда мұғалімдер сабақты желі арқылы өткізеді
Сәуле Әбубәкірованың 5 ұл қызы, 6 шөбересі, 16 немересі бар. Бүгінде ол TikTok компаниясына ресми жұмысқа орналасып алған.
Осындай әжелердің қатарында атыраулық 70-ке таяған Хадиша Аймұханбетова да бар. Ол жылдар бойы нәпақа тауып, жалғыз баласы мен егде жастағы анасын асыраған. 25 жасында тұрмысқа шығып, ажырасқан зейнеткен тіпті бір кездері аула сыпырушысы болып та жұмыс істегенін жасырмайды.
Сурет бағдарлама кадрларынан скринделген
“Желіге Фариза апамыздың, Мұқағали Мақатаевтың жырларын айтып сөйтіп шығатынмын. Сөйтіп жүріп 1000 адамды жинаппын. Сөйтіп жүріп балам эфир ашылды деді. Басында “қызық екен шығайын, айналамызда үлкен кісі жоққой” деп ойладым. Сонымен мұнда баламен де үлкенмен де сөйлесесің, ақылыңды айтасың. Сөйтіп бір күні бұл арқылы ақша табуға болады деді. Енді міне тіркеліп ақша тауып отырмын. Өзім сөзге шешенмін ғой, әңгіме айтып бастасам балалар шыбынша үймелейді. Өзі кіргеніме бір ай болды. Сол бір ай ішінде 400 мыңдай ақша таптым”, – деді Хадиша Аймұханбетова.
Бұл “Оңтүстіктің әжесі” лақап атымен танылған Бейбімәрия апа. 80-нің сеңгіріне шыққан апа желі қолданушыларын келелі кеңесі мен тіл үйірер тағамымен баурап алған.