Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Техникалық ақауға байланысты жүргізушілерге салынған айыппұл автоматты түрде есептен шығарылады

Фото: Көлік министрлігі

Қазақстандағы жүргізушілерге жасамаған заңбұзушылықтары үшін көптеген айыппұлдар салынды. Ол заңбұзушылықтар тас жолдарда жылдамдықты асыруға қатысты. Ішкі істер министрлігі бүгін жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның жүргізушілерге айыппұлдар жасайтын ақпараттық жүйесінде техникалық ақаулық болды. Жауапты органдар қазіргі уақытта мәселені шешіп жатыр. Жылдамдық шегін бұзбағандардың айыппұлдары есептен шығарылады.

Айыппұлдарын төлегендерге ақша қайтарылады.

“Ешқайда барудың қажеті жоқ. Полицияға хабарласудың немесе ештеңені дәлелдеудің керегі жоқ. Қате жасалған барлық айыппұл анықталды және автоматты түрде жойылады”, – деді Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Қазір ақшаны қайтару механизмі әзірленіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Таразда заңсыз орнатылған сағатына 40 шақырым жылдамдық белгісі 32 мыңнан астам жүргізушінің айыппұл алуына себеп болған. Бір ғана камера арқылы бюджетке 345 миллион теңге түскен. Прокуратура тексерісінен кейін белгінің қажетті келісімдерсіз орнатылғаны анықталған. Кейін үш жүргізуші сот арқылы төлеген айыппұлдарын қайтарып алған. Алайда заңсыз белгі әлі алынбағандықтан, айыппұлдар келіп жатыр. Қалған мыңдаған жүргізушінің қаражаты қалай қайтарылатыны әзірге белгісіз.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 08:11