Әйел интернет-дүкендегі тапсырыстарын қайтарамын деп темір тордан бір-ақ шықты
Жапонияда аниме кейіпкерлерінің тауарларына қайта-қайта тапсырыс беріп, кейін оларды алып кетпеген 32 жастағы әйел ұсталды. Үш жыл ішінде ол 4,3 миллиард иенге (шамамен 12,4 миллиард теңге) тауар рәсімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SoraNews24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Осака қаласында мейрамханада жұмыс істейтін Маю Есида 4 тамызда қамауға алынған. Оған алаяқтық жасады және компанияның жұмысына кедергі келтірді деген айып тағылып отыр.
Тергеу деректеріне сүйенсек, Есида анимеге қатты әуес болған. 2023 жылғы күзден бері ол Shueisha баспасының One Piece және Naruto анимелеріне арналған тауарларына 2 мыңнан астам тапсырыс берген.
Әйел кейіпкерлердің мүсіндерін, суреті салынған салпыншақтарды, жұмсақ ойыншықтарды және басқа да заттарды сатып алуға өтінім қалдырған. Алайда тапсырыстар жеткізу орнына келгеннен кейін оларды алып кетпеген.
Бір адамға белгіленген тапсырыс шектеуін айналып өту үшін Есида 238 жалған аккаунт ашқан. Оның үш жыл ішінде рәсімдеген тапсырыстарының жалпы сомасы 4,3 миллиард иенге жеткен.
Тергеу мәліметіне сәйкес, әйелдің әрекетінен баспаға 7,5 миллион иен (шамамен 22 миллион теңге) көлемінде шығын келген.
Есида кінәсін мойындаған. Ол мұндай әрекетке күйзелістен арылу үшін барғанын айтқан. Әйелдің сөзінше, сүйікті аниме кейіпкерлері бейнеленген тауарларға тапсырыс беру оған көңілін тыныштандырып, бойындағы күйзелісті басуға көмектескен.
Енді оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ 500 мың иенге (шамамен 1,5 миллион теңге) дейін айыппұл салынуы ықтимал.
Шетелге ұшқан қазақстандықтың багажынан құны 3 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымы ұрланған: Мұндай жағдайда тап болмас үшін не істеу керек
