Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық мұғалім педагогтерді 1 қыркүйек алдында мектепті тазалауға мәжбүрлейтінін айтып, шағымданды

Терезе жуушы
Фото: depositphotos.com

Алматылық мұғалім мектеп басшылығының педагогтерді оқу жылы басталар алдында мектепті тазалауға тартатынын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұғалім әлеуметтік желіде өзінің терезе жуып жатқан видеосын жариялады. Видеода әйел мұғалімдердің тамыз айынан бастап жұмысқа шығып, кабинеттерді жаңа оқу жылына дайындаумен айналысатынын айтады. 

Педагогтің айтуынша, мұндай жұмыстардан бас тартқан жағдайда мұғалімдер басшылық тарапынан қысым көруі, оқу сағаттарының қысқартылу мүмкін екен. Әйелдің сөзінше, бұған дейін мұғалімдер мектептегі жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан ақша жинауға мәжбүр болған.

Алматы қаласының білім басқармасы жағдайға қатысты пікір білдірді. Басқарманың мәліметінше, арнайы мониторингтік топ құрылып, аталмыш мектепке жіберілген.

"Тексеру барысында барлық мән-жайды анықтау және мұғалімдерді еңбек міндеттерінде көзделмеген жұмыстарға тарту туралы ақпаратты тексеру мақсатында мектептің педагогикалық құрамы мен әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінен сауалнама алынады", – делінген хабарламада. 

Басқарма тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатынын атап өтті. Жағдайды білім басқармасының басшысы жеке бақылауына алды.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлдағы мектепте еден жуушыларды құрылыс жұмыстарын жасауға мәжбүрлегені туралы жазған едік. Нәтижесінде екі әйел биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 17 Тамыз, 2026 20:01