АҚШ-та Қазақстаннан асырап алынған қазақ балалары жыл сайын "Жайлау" лагерінде бас қосып жүр
АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатында Қазақстаннан асырап алынған балалар мен олардың отбасылары жыл сайын "Жайлау" жазғы лагеріне жиналады. Биыл да қатысушылар дәстүрлі қазақ тағамдарын дайындап, ұлттық мәдениетпен танысып, өздері сияқты балалармен қауышқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Valley News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жайлау" лагері Виннипесоки көлінің жағасындағы Geneva Point Center базасында бір апта бойы өтеді. Бұл дәстүр 22 жылдан бері жалғасып келеді екен. Лагерді 2004 жылы құрылған "Kazakh Aul USA" (АҚШ-тағы қазақ ауылы) коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады.
Ұйым АҚШ-та тұратын Қазақстанмен байланысы бар балалардың қазақ мәдениетімен танысуына және өздерінің мәдени тамырларын тануына мүмкіндік беру мақсатында құырлған.
Бұл лагерді ұйымдастыру идеясы АҚШ азаматы Сьюзан Саксонның Қазақстаннан асырап алған қызы Сара Реммлер үшін орта іздеуінен басталған. Саксон 2001 жылы Алматыдан сегіз айлық Сараны асырап алған.
Кейін ол Қазақстаннан бала асырап алған басқа отбасылармен байланыс орнатып, Алматыдан келген балет мұғалімдері Жанат Байдаралин мен Вера Курмашевамен бірге қазақ мәдениетін насихаттайтын ұйым құрған.

Сьюзанның асырап алған қызы Сараның айтуынша, ол мектепте Қазақстаннан асырап алынған жалғыз оқушы болған және өз елінің қай жерде орналасқанын айналасындағыларға жиі түсіндіруге тура келген.
Ал "Жайлауда" жағдай басқаша.
"Мұнда Қазақстанның қай жерде екенін бәрі біледі. Өзіңнің кім екеніңді, қайдан келгеніңді және ата-анаңа неге ұқсамайтыныңды түсіндірудің қажеті жоқ", – дейді Сара.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Қазақстаннан АҚШ-қа балаларды асырап алу көрсеткіші 2001-2007 жылдары ең жоғары деңгейге жеткен. Ал 2012 жылға қарай Қазақстаннан АҚШ-қа асырап алынған балалардың саны айтарлықтай азайған.
2004 жылы лагерь алғаш ашылған кезде, ол балалардың дәстүрлі жазғы лагеріне көбірек ұқсаған. Қазақстаннан асырап алынған балалар мен олардың ата-аналары қазақ тілі сабақтарына қатысып, домбырада ойнауды үйренген.
Қазір кезінде асырап алынған балаларға арналған лагерге қатысқан көптеген адам есейіп, ер жеткен. Соған байланысты лагерь бұрынғыдай білім беру бағдарламасына негізделмей, отбасылар қайта қауышатын, жиналатын орынға айналды.

"Жайлау" лагерінің Қазақстаннан асырап алынған балаларға елмен жеке әрі мәдени байланыс орнатуға көмектескен жағдайлары да кездеседі.
"Балалар үйім орналасқан жерге қайта барып, ол туралы қандай да бір ақпарат білгім келеді. Биологиялық анамды таптым. Сондықтан бір күні оған барып қайтқым келеді, – деді "Жайлау" лагеріне бала кезінен қатысып келе жатқан Рози Вайланкур.
Лагерь Рози Вайланкурдың өз тамырына деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оның білім алуына да әсер еткен.
"Бір күні мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген кезімде анамның туған әпкесі маған кездейсоқ қоңырау шалды. Ол тек орыс тілінде сөйлейтін. Мен оның сөзін түсіне алмадым. Аудармашы іздеуге тура келді. Ал колледжге түсіп, тіл курсын таңдауым керек болған кезде: “Онымен сөйлесе алуым үшін орыс тілін үйренемін" деп шешітм”, – дейді Вайланкур.
Рози Вайланкурдың АҚШ-тағы өмірінде орыс тілі де өзі ойлағаннан жиі кездескен.
"Бірде бір әйел жаныма келіп: “Сіз Қазақстаннансыз ба?” деп сұрады. Мен: “Иә” дедім. Сонда ол: “Сіз қазаққа қатты ұқсайды екенсіз” деді. Сөйтіп, біз орыс тілінде сөйлесіп кеттік, – деді Вайланкур.
Осы жазда да лагерге қатысушылар бірге 40 адамға палау әзірлеп, бауырсақ пісірген.

Рози Вайланкур бұл тағамдар балалық шағы мен туған жерін еске түсіретінін айтады.
"Мен үшін бұл – жылына бір рет осы тағамнан дәм татып, оның дәмінен үйдің жылуын сезінетін кез. Америкалық тағамдар мүлдем басқа", – деді ол.
Қазір "Жайлау" лагеріне алғаш қатысқан балалардың көбі есейіп, оның жұмысына өздері атсалысып жүр. Реммлер, Голдберг және Вайланкур "Kazakh Aul USA" ұйымы мен "Жайлау" лагерін ерікті түрде басқарып, дәстүрді келесі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
"Алдағы жылдары біздің де балаларымыз болады деп үміттенемін. Дәл сол балалар осы лагердің болашағына айналады", – деді Вайланкур.
Еске салсақ, бұған дейін америкалықтар асырап алған қазақстандық өз биологиялық ата-анасын іздеп жүргені туралы жазған едік.
Шетелге ұшқан қазақстандықтың багажынан құны 3 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымы ұрланған: Мұндай жағдайда тап болмас үшін не істеу керек