Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тесік-тесік жол үшін ақша төлейміз”: Жүк тасымалдаушылар қазақстандық жолдардың сапасына шағымданды

Жамбыл облысында жүк тасымалдаушылар тозығы жеткен ақылы жолды жөндеуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 


Фото видеодан алынған

Жүйкесі жұқарған жүргізушілер 25 жылдан бері жасалмаған айналма жолға ақы төлеп отырғанын айтады. Шұрық-шұрық трассада техникалары жиі бұзылатынын айтып, кей кездері жолдағы қарды өз күшімізбен күреуге мәжбүрміз дейді.

“Міне, "Қазавтожолдың" жұмысын қолмен жасап жатырмыз. Міне, жігіттер топырақты қазып алып жатыр. Осылай амалдап жатырмыз. Ана жоқта да тура осындай жағдай”, – дейді жүк көлік жүргізушісі.

Шет елдерден жиі қатынайтын жүк тасымалдаушылар жолдың сапасы Қазақстан аумағында өте нашар екенін айтады. Ал жол жүру тарифі өзге елдерден едәуір қымбат. Есесіне ақ қар, көк мұзда тайғанақтап талай көлік аударылған. Ал ауыр жүк көліктері уақытылы тазаланбайтын өткелдерде тұрып қалады.

“Мына күйікте жүріп болмайды. Лажсыз жүреміз. Не үшін төлеп жүрміз?! Біз соны түсінбейміз! Қыста қаншама көлік апатқа ұшырады. Жүргізушілер зардап шегіп жүр! Көктайғақта да, мына ойдым-ойдым жерден шығамын деп көліктерге соғылып жатырмыз. Малды ұрып жатыр, адамды ұрып жатыр. Мұның бәрі жолдың сапасыздығынан! Осындай жолдар, тіпті білмеймін, қыста жолдың жиегіне шығып кетіп аударыласың”, – дейді жүк тасымалдаушы Әбдішәкір Саидов.

Транзит тасымалдаушылар жол азабы Жамбыл облысындағы таулы аймақтарда қатты сезілетінін айтады. Себебі Күйік асуындағы жаңа жолмен өтуге тыйым салынған. Ал жүк көліктеріне арналған айналма жолдың тозығы жеткен. Бірақ сапасыз жолға ақы алу жүйелі жолға қойылыпты.

“Біз не үшін осыншама қаражат төлеп отырмыз. Шұрық-тесіктер үшін бе? Мына шұңқырға адам жатса көрінбей қалады. Бұл жолмен екі жылдан бері қатынап жүрмін. Өту мүмкін емес. Мәселен, шет елдерде мұндай қараусыз қалған учаскелер жоқ. Жолдың ақысы да едәуір арзан”, – дейді жүк тасымалдаушы Рүстем Пардаев.

Жүк көліктерінің жүргізушілері 20 шақырым айналма жолдан өту бірнеше сағатқа созылады дейді. Бұл жолдың әр шақырымын басып өту орта есеппен 30 теңге тұрады. Ал "Қазавтожол" мекемесі бұған дейін бұл жол учаскесіне ақы алынбайды деп мәлімдеген. Бірақ жүргізушілер оны жоққа шығарды.

“Биыл ұлттық оператормен Жамбыл облысындағы ескі Күйік асуын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Мердігерді анықтау үшін конкурс өткізіліп, келісім жасалды. Мердігер компания қазір дайындықты бастап кетті. Жаңа жол учаскесі 2025 жылы пайдалануға беріледі”, – деді "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары Серік Мырзағалиев.

"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" күре жолының бойындағы айналма жолмен күн сайын 15 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды. Бірақ жол бойында дәретхана мен автотұрақ деген атымен жоқ. Жүргізушілер ақылы жолға тән сервис іске қосылмайынша, ақы алуды мүлде тоқтату керек деп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында тас жолға қар көшкіні құлағаны туралы жазған едік. 

Талқылау