Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңіз кен орнының жұмысшылары ереуілге шықты

25 шілдеде таңертең Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жалақыны көтеруді талап еткен ESS жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап.

ESS компаниясы – "Теңізшевройлдың" мердігер мекемесі. Оқиғаға қатысты "ТШО" ЖШС түсінік берді.

"Теңізшевройл"-ға ESS/Compass-Kazakhstan мердігер компаниясының қызметкерлері еңбек қатынастарына қатысты алаңдаушылық білдіргендігі белгілі болды. ТШО-ға мердігер компания басшылығының туындаған мәселені шешу үшін шұғыл шаралар алып жатқаны хабарланды. Бұл ESS/Compass-Kazakhstan компаниясының ішкі мәселесі болғандықтан, бұған қатысты барлық сауалды осы компанияның басшылығына жолдаған жөн", – деп мәлімдеді "ТШО" ЖШС.

Өз кезегінде, "ESS Support Services" ЖШС бас директоры Майк Тайлор компания басшылығына 213 қызметкерден жалақыны көтеру туралы өтініш түскенін айтты.

"Біз қызметкерлерімізді және олардың істеген жұмысын бағалаймыз. Біз қызметкерлермен ашық диалог жүргіземіз және осы мәселені шешу үшін қолданыстағы ҚР еңбек заңнамасы шеңберінде жұмыс істейтін боламыз. Осы уақытта біз ESS Ұжымдық шартының талаптарына сәйкес, жылдық инфляцияны ескере отырып, жалақыны жүйелі түрде қайта қарау бағдарламасын жүргізіп жатқанымызды хабарлаймыз. 2021 жылдың қаңтарында бағдарлама аясында сағаттық төлемді 6%-ға арттырды. Сонымен қатар ESS басшылығы негізгі мүдделі тараптармен, жергілікті және аймақтық үкіметтермен, кәсіподақтармен бірге серіктестік аясында жұмыс істейді. Біз қызметкерлерде туындайтын кез келген мәселені талқылауға әрқашан дайынбыз", – дейді ол. 

Осы уақытта интернетте Теңізде болған ереуілдің видеосы тарап жатыр. Онда ереуілдер толқыны Маңғыстаудан Атырау облысына ауысқаны айтылған.

Еске салсақ, өткен аптада Маңғыстау облысында бірнеше мұнай-газ компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққан болатын.

Талқылау